386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бұрханбұлақ сарқырамасының суы дертке дауа, жанға шипа болып келеді

  • 850
  • UPD: 15:57, 11.09.2017

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы негізгі міндеттердің бірі – ішкі туризмді дамыту.

Себебі елімізде көркі көз тартар жерлер жетіп артылады. Әсіресе жер жәннаты – Жетісудың тұмса табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осыған орай, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы жастар ұйымдары мен жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап Бұрханбұлақ саяхатын ұйымдастырды.

Бұрханбұлақ – Жоңғар Алатауының шығыс беткейінде орналасқан Орталық Азиядағы ең биік сарқырамалардың бірі. Оның биіктігі 112 метр. Суы дертке дауа, жанға шипа болып келеді. Әсіресе ол асқазан, бүйрек ауруларына мың да бір ем. Ал табиғатын суреттеуге сөз жетпейді. Шашақты найзадай көкке шаншылған биік-биік таулар мен тас төбеңнен жөңкіле көшкен бұйра бұлттар, қарағайлы ормандар, қой тастарды бұйым құрлы көрмей домалатып, тасып ағып жатқан тау өзені адам баласын өзіне тартып, еріксіз баурап алады. 30 адамнан құралған саяхатшылар тобы бұл жолы Бұрханбұлақ басындағы лингвистикалық лагерьге тоқтады.

Рустам Алпысбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Біздің мақсатымыз – осы инфоквест пресс-туры арқылы біздің жастарымызды заманауи технологиялардың, соның ішінде кейбір кезде зиян, кейбір кезде керексіз гаджеттерден, мобильді технологиялардан үзіп, осы ата-бабаларымыз көрген, таңдаған, насихаттаған, аңыз әңгімелері осы жерден бастау алған жерлерге алып келіп көрсету.

Максим Рожин, блогер:

- Бұл жалпы сананың жаңғыруы. Өте керек дүние. Біріншіден, өзге елге асықпас бұрын өз елімізді танып алуымыз керек.

Бұрханбұлақ басында белгілі блогерлердің қатысуымен жас журналистерге арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Жастарды туған өлкенің тұмса табиғатымен қатар қатпарлы тарихы да қатты қызықтырады. Бұл жердің тарихы Бұрхан мен Қораның ғашықтық хикаясынан басталады. Бірі ауқатты, екіншісі жарлы отбасынан шыққандықтан, қос ғашықтың қосылуы мүмкін емес еді. Сол себепті анасы тау басынан қамал салғызып, Бұрханды соның ішіне қамап қойған деген аңыз бар.

Бағлан Сабаншиев, Текелі қалалық балалар мен жасөспірімдерге арналған туристік және өлкетану орталығының бөлім меңгерушісі:

- Бұрхан өз ғашығын сағынып, қамалды жарып шыққан. Содан қазіргі уақытта Бұрхан сарқырамасы мен Қора өзені мәңгі бірге боламыз деп екеуі бірге осы Қора шатқалында ағып жатыр.

Теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктікте орналасқан сарқырама облыс орталығы Талдықорғаннан жүз-ақ шақырым жерде. Алайда онда жету үшін жол талғамайтын көлікпен 7-8 сағаттық жол жүруің керек. Бұл аймақты туристік бағытқа айналдырудың бірден бір шешімі ол инфрақұрылымын жақсарту.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы