420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Рудныйлықтар тозығы жеткен ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізді

  • 793
  • UPD: 11:18, 12.09.2017

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл».

Қостанай облысы, Рудный қаласының тұрғындары 44 жылдан бері сылақ көрмеген спорт секциясына өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында тозығы жеткен жертөле ғимараты мүлдем жаңаша кейіпке еніп, боксшы балғындардың мүмкіндігі кеңейді.

Рудныйлық бүлдіршіндер әуелден спортқа бейім. Әсіресе бокс десе, ішкен асын жерге қояды. Сергей Саламаханың осы орында үздіксіз шәкірт тәрбиелеп келе жатқанына 35 жыл. Кеңес уақытында спорт шебері атанған ол жеткіншектерге тәжірибесін бөлісуден жалыққан емес. Жаттығу тегін, күніне үш ауысыммен өтеді.

Сергей Саламаха, жаттықтырушы, КСРО спорт шебері:

- Осы залда кемі үш мыңнан астам балғын тәрбиеленді. Оның ішінде жоғары жетістікке жеткендері көп. Нәтижеміз айтарлықтай. Облыс, республика құрамасына алынған шәкірттеріміз жетерлік.

Наталья Ахметова биылғы көктемде ұлын осы бокс үйірмесіне әкелді. Жаттығу өтетін орынның талапқа сай еместігін көрген ол бейнежазба арқылы өтініш жасап, жерлестеріне көмек қолын созуға үндеу жасады. Ізгі ниеттен туған ұсыныс кеншілер кентінің тұрғындарынан іле қолдау тапты. Аз уақыттың ішінде елуден астам адам хабарласып, қаржы қосты.

Наталья Ахметова, Рудный қаласының тұрғыны:

- Бұл жертөле қабаты ғой, қабырғалары көгеріп, дымқыл тартып, әбден тозығы жетіпті. Жылу жүйесін толық ауыстырдық. Терезелерін жаңартқаннан кейін жарқырап шыға келді. Енді бұл жерде алаңсыз жаттығу жасауға барлық мүмкіндік бар.

Құрылыс жұмыстарына 1,5 млн теңгедей қаражат жиналды. Кәсіпкер, спортшылармен қатар, қарапайым тұрғындар да қарап қалған жоқ. Қайырымдылық шарасына белсене кіріскендердің бірі – Қазақстан мен Азия ойындарының чемпионы Антон Пинчук. Кезінде өзі де осы жерде жаттыққан ол – бүгінде жас буынның үлгі тұтар спортшысы.

Антон Пинчук, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы:

- Менің көзімнің жеткені боксқа деген халықтың ықыласы ерекше. Сондықтан да бәрі шын ниетімен көмектесті. Міне соның арқасында осындай тамаша іс жасалды. Енді мұнда жаттығатын балалардың да саны көбейетін болады.

Спортқа шын берілгендер үшін құрал-жабдықтың жоқтығы да қолбайлау емес. Жетпеген жерін қолдан құрап толықтырды. Балғын боксшылар жарыстарға да жиі қатысады. Болашақта спортшыларға кеншілер кентіндегі іргелі кәсіпорын: «Қолдау білдіреміз», – деп уәде етіп отыр.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы