424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-дағы Ботай тұрағынан сәбидің сүйегі табылды

  • 5230
СҚО-дағы Ботай тұрағынан сәбидің сүйегі табылды

Археологтардың айтуынша, ол осыдан 6 мың жыл бұрын дүниеге келген нәресте болуы мүмкін.

Ботай қонысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында құрылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енген.

Солтүстік Қазақстан облысы – жабайы жылқылардың жүгенделіп, асаудың алғаш ауыздықталған жері. Бұған Ботай қорығынан табылған деректер дәлел.

Ботай тұрағын тауып, жаһанға жар салған археолог – Виктор Зайберт. Ол осында 1981 жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп, энеолит дәуірінде өмір сүрген ежелгі тайпа мәдениетін зерттеп жүр.

Виктор Зайберт, археолог:

- Ботай мәдениеті – жаңа дәуірдің бастауы, ат-көлік байланысының дамыған кезеңі. Өмір ағымы да үдей түсті. Соның арқасында адамдардың ақпарат алмасуы 25 шақырымға артты.

Биыл Ботай тұрағынан 2 мыңнан астам артефакт табылды. Виктор Зайберт бастаған топ сәбидің сүйегін көтерді. Қазір ол зерттеліп жатыр. Қазба жұмыстарына оқушылар да қатысты.

Алла Каштанова, оқушы:

- Сәбидің сүйегін ағам тапты. Бәріміз қуандық. Былтыр да бір адамның жерленген жеріне тап болған едік. Мен үшін Ботайдың орны бөлек. Қазба жұмыстарына шықпай қалсам, сағынамын. Үйреніп қалдым. Болашақта археолог болуым мүмкін.

Ботай төрткүл дүниеге дала өркениетінің бастауы ретінде белгілі. Тұрақтан табылған қару-жарақ, еңбек құралдары мен үй-жайлары тайпаның таңдаулы тұрмысын танытты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Ботайлықтар жылқыны жүгендеп, арбаға жегіп қана қоймай, бие сауған. Археологтар дәл мына жерді «қымыз кешені» деп атап кеткен. Осыдан 6 мың жыл бұрын ежелгі адамдар осында бие байлап, күбі күткен.

Бұл – археологтардың жұмыс бөлмесі. Олар тапқан дүниелерін осында зерттеп, қырнап-тегістеп сақтап қояды. Өйткені оның бәрі – тұнып тұрған тарих.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы