422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраулық тұрғындар «Нұрлы жер» бағдарламасымен пәтер алып жатыр

  • 1000
  • UPD: 12:18, 13.09.2017

Атыраулық тұрғындардың алғашқы легі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа қонысқа жайғаса бастады. Тұрғын үй бағдарламасындағы төмен пайыздық өтемақы және құжат рәсімдеудің жеделдігі көпшіліктің көңілін көншітіп отыр.

Осындай тиімді тұстарына байланысты бағдарламаға қатысқысы келетін банктермен қатар ниет білдірген қарапайым халықтың да қарасы қалыңдап келеді.

Азамат пен Анна бала-шағасымен көп жылдар бойы Ресейде тұрған. Туған елге келгендеріне 4 жыл болды. Рас, пәтер тауқыметін аз көрген жоқ. Басында ипотекалық жүйеге иек артқандарымен несиенің пайыздық қайтарымы жоғары болып, одан бас тартқан. Осындай әуре-сарсаңмен жүргенде «Нұрлы жер» бағдарламасының хабарламасына тап болған. Нәтижесінде бірден шешім қабылдап, жаңа салынған тұрғын үй кешенінен пәтер алды.

Анна Сүйінбаева, қала тұрғыны:

– Шынын айту керек басында мұндай бағдарламаның барына сенбеп едік. Барлық құжаттарды тап-тұйнақтай етіп жинастырып, банкке өткіздік. Екі аптадан соң оң шешім шыққаны туралы хабар алдық. Бағдарламаның тиімділігі сол 10%-ын өзіміз, қалған 5%-ын мемлекет төлейді. «Нұрлы жердің» арқасында қазір ай-сайын 70 мың теңге үнемдеп отырмыз. 

Бағдарлама талаптарының бірі пәтер міндетті түрде жаңа болуы шарт. Жеңілдікпен берілетін несие көлемі Астана мен Алматы қалалары үшін 20 млн, ал аймақтарға 15 млн теңге. Қарыз алушы осы қаржының 30%-ын төлеуі тиіс, қалғанын банк береді. Ал құжаттар рәсімдеу, қаражат аудару ісіне банктер ешқандай комиссиялық өтем алмайды.

Әлімжан Дабысов, «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ Аймақтық өкілдігінің директоры:

– Бүгін ипотекалық нарықтағы пайыздық өтемақының құны өте жоғары. Өйткені банктерде ұзақ мерзімге берілетін қаржы жоқ, бар болған күнде ол өте қымбатқа шығады. Бұл мәселе мемлекеттік бағдарлама арқылы шешімін тауып жатыр. Яғни қарыз алушыға ипотека жеңілдікпен беріледі, ал банк қалған ақшасын мемлекеттік субсидия арқылы алады.  

Жаңа жоба соңғы жылдары тұралап қалған отандық ипотекалық нарықтың қадамын нығайтып, тұрғын үй құрылысының дамуына да мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасына екінші деңгейлі төрт банк қатысып жатса, тағы екеуі кезекте тұр. Сондықтан болашақта жаңа үйлер көптеп салынып, қоныс тойын тойлаушы тұрғындардың қатары да еселеп артады деген сенім бар. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Қанат Елеуов

Хабар 24 телеарнасы