432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР-ның тұңғыш СІМ ШҚО-да спорт алаңының ашылуына демеушілік көрсетті

  • 1128
  • UPD: 11:27, 18.09.2017

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында «Street Workout» спорт алаңы мен бокстан халықаралық турнир ашылды. Бұл шараларға мемлекет және қоғам қайраткері, тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов демеушілік көрсеткен. Меценат басқа да әлеуметтік жобаларға белсенді атсалысып келеді.

Жалпы ауданда «Туған жер» бағдарламасы қарқынды жүзеге асып келеді. Жыл соңына дейін 100-ге тарта жоба қолға алынады деген жоспар бар.

Құны 13 миллион теңге болатын мына спорт алаңы енді аягөздіктер игілігіне қызмет етеді. Қаланың орталығындағы Абай гүлзарына орнатылған нысан үлкен-кішіге бірдей қуаныш сыйлады.

Төлеутай Сүлейменов, ҚР тұңғыш Сыртқы істер министрі:

– Туған жерді жақсы көру керек, ұмытпау керек. Жыл сайын құр келмеймін. Турнир ашамын, мектеп құрып, оның жөндеуіне көмектесіп, мынадай спорт алаңын ашып жатырмын. Бұл жастарға осы жерге келіп, демалуға көмек жасайды.

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында әркім өзінің туған жеріне, өскен еліне мейлінше қамқор болу керектігі нақты айтылды. Аягөзде осымен 6-шы рет ұйымдастырылып отырған халықаралық турнирде қоғам қайраткері Төлеутай Сүлейменовтың демеушілігімен өтіп келеді. Биыл жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан сияқты мемлекеттерден 200-ге тарта боксшы қатысты.

Еркежан Дәулетжанқызы, Халықаралық турнирдің жеңімпазы:

– Бокспен айналысып келе жатқаныма 4 жылдай болды. Осы жарысқа біз бұрыннан қатысқымыз келіп жүрген. Дәрежелі жарыс. Болашақтағы мақсатым Қазақстанның туын жоғары көтеру, Олимпиадаға қатысу.

40 мыңнан астам халқы бар Аягөз қаласы соңғы жылдары көркейіп келеді. Бірнеше жаңа мектеп, балабақша салынып, кәсіпорындар іске қосылуда.

Аягөз ауданында «Туған жер» бағдарламасы кең қолдауға ие болып отыр. Осы өңірден шыққан беделді кәсіпкерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері әртүрлі демеушілік шараларды атқаруда. Жыл соңына дейін 141 миллион теңге болатын 90 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, қазірдің өзінде оның жартысына жуығы атқарылған.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы  

Хабар 24 телеарнасы