387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде қайта даярлау курсын оқытатын арнайы орталық ашылды

  • 1070
  • UPD: 15:55, 21.09.2017

Ірі тігін фабрикасының жанынан ашылған дәрісхана тігінші-дизайнерлер дайындайды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бұл бағыты бойынша биыл 700-ге жуық адам қайта даярлаудан өтуі тиіс болса, соның 90%-ы жаңа мамандық алып та үлгерді.

Айтжан Шақпарованың бала кезден арманы киім дизайнері болу екен. Алайда заман ағымына қарай мүлде басқа салаға араласып кеткен. Қазір жасы елуден асқанда сол арманына қол жеткізбекші. Еңбекпен қамту орталығына барып, қайта даярлау курсына жазылған. «Мемлекет мүмкіндік беріп тұрғанда, оқып аламын», – дейді. Болашақта жеке тігін шеберханасын ашуды жоспарлайды.

Айтжан Шақпарова, қала тұрғыны:

- 3 айлық курсты тегін оқимын. Тіпті шәкіртақы төлейді екен. Армандаған мамандығымның иесі атанамын. Осындай мүмкіндік туғанына қуанып жүрмін. Сапалы білім алып, жеке кәсібімді ашқым келеді.

Тігіншілерді оқыту орталығы байырғы тігін фабрикасының жанынан ашылды. Кәсіпкер курсты үздік бітіргендерге бірден жұмыс беретінін айтады. Бұл жолы 30 қыз-келіншек қайта даярлаудан өтіп, мамандық иесі атанады. Фабрикада сапалы білім алуға бар жағдай жасалған.

Айнұр Бақтығалиева, тігін фабрикасының директоры:

- 3 айдан кейін тігінші болып шығады және пішіп, тігуді білетін маман болады. Жоспарымыз бойынша біз өзімізге адам қалдырамыз. Өзіміз жақында цех ашып жатырмыз. Оларды жұмыспен қамтуға көмек көрсетеміз.

Өңірлік кәсіпкерлік палатасы қаладағы ірі кәсіпорындардың жанынан оқу орталықтарын көптеп ашуды жоспарлайды. Себебі теориялық біліммен қатар мол тәжірибе жинауға мүмкіндік бар әрі жұмысқа орналасуға көмек болады.

Айнұр Баймұратова , өңірлік кәсіпкерлік палатасының сарапшысы:

- Бұрын білім берумен айналыспаған кәсіпорындарға да оқу орталығын ашуға болады. Мысалы тігіншілерді оқытатын орталық палатаның арнайы реестріне тіркеліп, жұмыссыз жүрген әйел адамдарды қайта даярлау құқығын алды. Басқа да кәсіпорындармен жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Халықты жұмыспен қамту мекемесі алғаш ашылған 4 оқу орталығымен арнайы меморандумға отырды. Тігінші, дәнекерлеуші, әкімгер және даяшы мамандығын алғысы келетін 220 адам осы орталықтарда қайта даярлаудан өтеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы