425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарайшық қаласындағы қазба жұмыстары жалғасып жатыр

  • 1533
  • UPD: 17:16, 26.09.2017

Атырау облысында еліміздің ежелгі астанасының бірі, тарихи мекен Сарайшық қаласындағы қазба жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Көне шаһар орнында отандық және ресейлік археологтар бірігіп, зерттеу жүргізіп келеді. Ғалымдар қаланы қоршап тұрған негізгі дуал қабырғаларын тауып, орталыққа апаратын көшелерді аршуға кіріскен. Табылған жәдігерлердің арасында Алтын Орда заманындағы күміс және қола тиындар, одан кейінгі дәуір патшалық Ресей кезеңіндегі монеталар да бар. Ғалымдар бұл қаланың сол замандарда Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі мәдени және саяси-экономикалық орталық болғандығынан хабар береді дейді. Көне деректерге сүйенсек, Сарайшық қаласының Алтын Орда, Ноғай және Қазақ хандығы кезеңінде дәуірі жүріп тұрған. «Жеті хан жерленді» деген аңызға ие ежелгі қала орнынан археологтар XVI ғасырдағы мемлекеттілігімізді дәлелдейтін ел басқарушы тұлға Қасым ханның сүйегін тауып қаламыз деген үмітте. Ал көне дәуірлерден сыр шертетін Сарайшық қаласындағы бірнеше кезеңдік қазба жұмыстары толық аяқталған соң, бұл ара ашық аспан астындағы музейге айналады.

Вячеслав Плахов, археолог /Ресей/:

- Бұл жерде Қасым ханның зираты бар. Онымен бірге сол заманның ең беделді адамдарының осы қалада болғаны анық. Ол адамдар кезінде Қазақ хандығы мен мемлекеттілігінің қалыптасуына үлес қосқан тарихи тұлғалар. Біз қазақстандық әріптестермен бірге қолдағы барлық технологиялық мүмкіндікті пайдалана отырып, тарихтың сырын ашуға тырысамыз.

Зейнолла Тамашев, «Сарайшық» қалашығы археологиялық қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі:

- Қазір XV-XVI ғасыр кезеңдерін қазып жатырмыз, яғни «Ноғай-Қазақ кезеңі» деп шартты түрде айтып отырмыз. Одан төмен XIV ғасыр, одан соң Алтын Орда дәуірі, ал одан төмен тағы орта ғасыр кезеңдеріндегі ескерткіштер болуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы