430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресей жазушысы Рауль Мир-Хайдаров «Туған жер» республикалық форумына құрметті қонақ ретінде қатысты

  • 1128
  • UPD: 14:12, 27.09.2017

Ақтөбе облысы Мәртөк ауылында дүниеге келген жазушы шалғайда жүрсе де, туған ауылын бір сәт жадынан шығармаған.

Рауль Мир-Хайдаров елге жиі келіп тұрады. Келген сайын Мәртөк ауылындағы тарихи-өлкетану музейіне құнды жәдігер ала келеді. Жергілікті жастармен кездесіп, шығармашылық жоспарларымен бөліседі. Бұл жолы жазушы «Туған жер» республикалық форумына құрметті қонақ ретінде қатысты.

Аудандық музей Рауль Мир-Хайдаровқа жеке зал бөлген. Мұнда жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер 300-ден астам жәдігер бар. Әкесі мұра қылып қалдырған құрал-сайман, анасының тұрмыста қолданған бұйымдары және жазушының кітаптары қойылған. Мәртөктен шыққан танымал жазушы бүгінде Мәскеу қаласында тұрады. Жыл сайын туған ауылына келуді дәстүрге айналдырған. Музейдің жоқ-жітігін жеткізіп, қол ұшын береді. Бір келгенінде өз қаржысына электр желісін жөндеткен. Отыздан астам шығарманың авторы құнды картиналар коллекциясын жинайды.

Рауль Мир-Хайдаров, жазушы:

Облыстық тарихи-өлкетану музейіне 50-ден астам сирек кездесетін картина сыйға тарттым. Алдымен сол картиналар қойылатын залға жөндеу жұмыстарын жасап, жиһаз сатып әпердім. Ол кезде меценаттар өте аз еді. Мен өзімнің қолымнан келген көмегімді көрсеттім.

Жазушы өзі оқыған мектепті де ұмытпайды. Әр сапарында әдейілеп соғып, оқушылармен кездеседі. Айтуынша, адам кіндік қаны тамған туған жерін естен шығармауы керек. Өзі әлемнің барлық елін аралаған. Алайда Мәртөк ауылына бүйрегі бұрып тұратынын жеткізді. Жерлестері де қуана қарсы алады.

Ұлдай Осанова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:

– 2016 жылы жерлесіміздің 75 жылдығына орай аудан көлемінде үлкен кездесу шара өткізілді. Осы шарада да көптеген экспонаттар біздің музейімізге толықтырылды. Өзі жиі келіп тұрады, әр жыл сайын залдарында жеке кездесулер өткізеді, экскурсия жүргізіп отырады.

«Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналуы керек. Бұл туралы Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында айқан болатын. Қалаларды көгалдандырып, мектептерді компьютерлендіріп, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасап, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болатынын жеткізді. Соның дәлелі, әбден тозығы жеткен ескі ғимаратта орналасқан 4 мыңнан астам жәдігер тар залдарға топтастырылған аудандық музей Мир-Хайдаров сияқты қамқор жандардың арқасында жұмысын тоқтатпай тұр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айбек Дәуітов

Хабар 24 телеарнасы