427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбедегі «Туған жер» форумы ән мен биден шашуға ұласты

  • 1496
  • UPD: 21:42, 29.09.2017

«Ақтөбеде бастау алған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табарына сенімдімін». Ел Президенті «Туған жер» форумының қатысушыларына жолдаған құттықтау хатында осылай делінген. Қобыланды батыр атындағы Ақтөбе орталық стадионында өткен гала-концертте Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауын мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова жеткізді. Жиналған қонақтарға мерекелік концерт ұйымдастыруға 4 мыңнан астам әртіс қатысты.

Елбасы Ақтөбедегі форумды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі деп атап өтті. Ел тәуелсіздігінің үшінші мүшелінде аймақтарда кең ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Бірақ бұл жолғы басқосу өңірдің жаңа белестерге жетуіне үлес қосары анық. Меценаттардың қаржылай көмегінен бөлек өнер адамдарының да ыстық сәлемдері тұрғындарды бір желпіндіріп тастады. 

Айгүл Елшібаева, термеші:

- Ақтөбе өңірінің қызы ретінде өзім де ән-шашуымды жолдап келіп отырмын. Енді мына бастама бүкіл облыста жалғасады деп ойлаймын. Әр адам өзінің елге деген махаббатын осы жерде көрсетеді деп ойлаймын. 

Шара төрт жарым мыңнан астам адам қатысқан театрландырылған қойылыммен жалғасты. Стадион толы көрерменнің назарына тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен даму кезеңдері көрсетілді. Мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Көрермендердің көзайымына айналған жергілікті жас әнші Димаш Құдайберген де жерлестер мерекесіне арнайы келген.  

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы