425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбенің өндірістік әлеуеті артып келеді

  • 1670
  • UPD: 13:51, 05.10.2017

Ақтөбе Астана, Алматы және  Шымкент қалаларымен қатар инновацияны, өндірістік, қаржылық және адами факторларды тартатын орталыққа айналуы тиіс.

Ақтөбеге жұмыс сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Жалпы өндірісті өңірдің әлеуеті артып келеді. Өткен 8 айдың қорытындысы бойынша, өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші 104,9%-ды құраған. Инвесторлар үшін тартымды облыстағы инвестиция көлемі 130%-ға жеткен. Кәсіпорындар өндіріске жаңа технология енгізу арқылы өнімділікті арттырып, экспорт көлемін ұлғайтып жатыр. Олардың қатарында ферроқорытпа және рельс-арқалық зауыты бар.

Ақтөбе ферроқорыпта зауытындағы №4 цехтың әлемде әзірге баламасы жоқ. Металлургтер «цех» дегенмен, бұл толықтай автоматтандырылған өз алдына дербес зауыт саналады. Жаңа өндірістің тиімділігі мынада. Бұрын ұсақ рудаларды балқыту үшін артық шығын жұмсалған. Табиғатта кесек руда азайып келеді. Жаңа пештерде тоқтың күшімен ұсақ рудалар өңделеді. Тағы бір пайдасықоршаған ортаға зияны аз. Қалдықтардың өзін қайта өңдеп, кәдеге асыруға болады. Зауыт бүгінде хром қосындыларының 6 түрін шығарып отыр. Дайын өнімнің  97%-ы әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады.

2012 жылы жалпыұлттық телекөпір кезінде Президенттің өзі құрылысын бастауға пәрмен берген «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» да әлемнің бірнеше еліне өнім шығаруды жоспарлап отыр. Орталық Азияда теңдесі жоқ өндірістің ерекшелігі – инновациялық термотөзімді, жоғары сапалы рельс шығарады. Ұзындығы 120 метр болатын рельстер жоғары жылдамдыққа төзімді. Сондықтан қозғалысы көп теміржол желілеріне қолданылады. Алып зауыттың жылдық қуаттылығы 430 мың тонна өнім шығаруға жетеді.

Мәулен Жүндібаев, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» зертханасының жетекші инженері:

- Қзір бұл зауыт фасонды прокаттармен айналысып жатыр. Қазір зауыт өнімдері ішкі сұранысқа ие, бірақ алдағы уақытта ТМД елдеріне шығару жоспарда бар. Жабдықтардың Италиядан әкелінген. Ол – Италияның мамандары келіп, Қазақстан мамандарымен бірге салған жабдықтар.

Ақтөбелік кәсіпкерлер жылыжай бизнесінің тиімділігін түсінді. 15 жылыжайдың өнімі жергілікті сұраныстың 85%-ын қамтамасыз етуге жетеді. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсті. Наурыз айында іске қосылған ең ірі жылыжай кешені өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттың әлеуетін арттыруды жоспарлап отыр. Инвестициялық жоба ҮИИД бағдарламасы аясында іске асты. Батыс аймақта баламасы жоқ жартылай жабық типтегі кешен толықтай автоматтандырылған. Жарықты, ылғалды, температураны арнайы қондырғылар бақылап отырады. 9 гектардан астам алаңда қызанақ пен қиярдың голландиялық сұрыпы өсіріледі. Өнімнің тең жартысы ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Қалғаны көршілес Ресей облыстарына жөнелтіледі.

Арман Жетпісбаев, жылыжай кешені директорының орынбасары:

- Бұл жылыжайда бүкіл жүйе автоматты. Жылыжайды қашықтықтан басқарады, яғни голландиялық мамандар Голландияда отырып басқара алады. Зиянкестермен биологиялық жолмен күресеміз. Аса сапалы тыңайтқыштар пайдаланылады. 

Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде 125 жоба іске асырылып жатыр. Әлеуметтік маңызды нысандардың жалпы құны 50 млрд теңгеден асады. Өңірдегі ірі мұнай-газ компаниясы 1 млрд 500 млн теңге қаржы бөліп, «Өнер орталығы» сарайын салып берді. Тағы бір компания Шығармашылық академиясы ғимаратын тұрғызды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде 1 млрд 800 млн теңгеге ғимаратты толықтай жабдықтады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы