419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сырдарияның сол жағалауында болашақта 100 мыңдай тұрғын қоныстанады

  • 811
  • UPD: 13:46, 06.10.2017

Қызылорда қаласы Астананы үлгі тұтады.

Бүгінде жаңа қалада 18 тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ақмешіт атырабында өндіріс те өрге басқан. Үдемелі дамуға ілескен аймақтағы ауқымды жұмыстарға Елбасы да оң бағасын берген болатын.

Осыдан 4 жыл бұрын Сырдарияның сол жағалауында алып құрылыс басталады дегенге сену қиын еді. Қазір мұнда қайнаған тірлік. Қызылордалықтар жаңа қаланы салуға көктемде кіріскен. Жалпы сол жағалаудағы құрылыс аумағы болашақта 1500 гектардан астам жерді қамтиды. Жаңа қала сәулетінде шығыстық үлгіге басымдық берілетін болады.

Мұхамедиса Әлсеріков, облыстық құрылыс, сәулет және құрылыс басқармасының басшысы:

– Бұл үйлер алдағы уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы талаптарға сәйкес жоспарланған. Өйткені тұрғын үйді сатып алған жағдайда сол бағдарламадағы жеңілдіктерді пайдаланады. Бұл жерде әрбір компания жоба сметалық құжаттарын өздері әзірледі.

Аймақта өндіріс саласы да қарқынды дамып жатыр. Соның бірі – шыны зауыты. Кәсіпорын тәулігіне 600 тонна өнім өндіреді. Шикізаттың 95 пайызы Сыр өңірінен алынады.

Ержан Сағымбаев, «Орда Гласс ЛТД» ЖШС басқарма төрағасы:

– Бұл жерге біз Қытай компаниясының ең үлкен бастығын шақырып, технологияны тексерттік. Өйткені алда болғандықтан, олардан білуіміз керек болды. Оның айтуынша, технология аты белгілі компаниялардан алынған. Бұл жерде тек ең мықты шыны шығатынын айтты.

Зауыт 4 бөліктен тұрады. Бүгінде дайын өнімді сақтайтын қойма құрылысының 80 пайызы еңсерілді. Ал теміржолдың 40 пайызы салынып біткен. Сонымен қатар негізгі пеш қондырғысын орнату жұмыстары басталды. Зауытқа қойылатын озық технология түгелдей дерлік әкелініп қойылған. Осылайша Қызылордадағы шыны зауыты келер жылдың шілде айында алғашқы өнімді шығаруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы