426,99 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда Ыбырай Алтынсариннің кесенесі қайта қалпына келтірілді

  • 2533
  • UPD: 15:26, 06.10.2017

Қазақ даласына білім нұрын сепкен ұлы ағартушының ұлағаты ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

Ұлттық нақышқа бай сәулетті кесене еліміздің киелі жерлерінің картасына ұсынылып отыр.

Ұлы ағартушының басына мазар ең алғаш тәуелсіздікпен бірге 1991 жылы салынды. Оған дейін жай ғана белгі болған екен. Ал қалпына келтірілген кесене бұрынғысынан екі есе еңселі. Аумағы 64 шаршы метр көкке шаншылған найза тасымен қоса есептегенде, биіктігі – 18 метр. Құрылысқа 80 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Құралбай Озғанбаев, мердігер компанияның директоры:

–Маңғыстаудан әкелінген ұлы тастарды пайдаландық. Ата-бабадан келе жатқан дәстүрмен арнайы қашау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ою-өрнек, ұлттық нақышты көбірек пайдаландық. Енді бұл күмбез Қазақстандағы ең биік күмбез тамдардың бірі болады.

Ыбырай Алтынсариннің ұлт тарихындағы орны ерекше. Ол өз халқын білімді елдердің қатарына қосу үшін аянбай тер төкті. Көзі тірісінде 14 мектеп ашып, оқулық жазды. Салтанатты жиында ұлы ағартушының өнегелі істері баяндалды. Рухына зиярат жасалды.

Ақылбек Шаяхмет, ақын, ҚЖО мүшесі:

– Бүгін әкімдіктер де, шенеуніктер мен мектеп оқушылары да гүл шоқтарын қойып жатыр. Жалпы бізде алғашқы оқу жылы Ыбырай Алтынсарин ескерткішінен, Ыбырай мазарына гүл қоюдан басталуы керек.

Нағашыбай Мұқатов, ақын, ҚЖО мүшесі:

– Кейінгі ұрпақ, келген меймандар тағзым етіп, Ыбырай Алтынсариннің мұраларын қадірлеуде жас ұрпақ не тындырып жатыр деген ой келсе, еш арман жоқ.

Бұл қорымда Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа мен өзге де туыстары мәңгілік тыныс тапқан. Абаттандырылып, жолы тартылған мемориалдық кешенді «Қасиетті Қазақстан» жобасына ұсынып, еліміздің киелі жерлер картасына енгізу көзделіп отыр. «Рухани жаңғыру» шеңберінде аймақта тарихымызды, мәдениетімізді ұлықтауға бағытталған көптеген істер атқарылды. Атап айтсақ, облыс орталығында әйгілі мәмілегер, тұңғыш тархан Шақшақ Жәнібектің сәулетті ескерткіші бой көтерсе, Торғай жерінде Кейкі батырға кесене салынды. Жалпы өңірде киелі жерлер тізіміне 30 тарихи нысан ұсынылған.

Авторлары: Абылай Мауданов, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы