420,65 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында кәсіпкерлерді қолдау шаралары өз жемісін бере бастады

  • 1046
  • UPD: 08:12, 09.10.2017

Бүгінде Павлодар облысында өз ісін дөңгелетуге ден қойған белсенді жастардың қарасы қалың.

Анна Плотникова бизнес-жаттықтырушы. Кәсіп ашудың алғы шарттарын үйретумен 12 жыл бойы айналысып келеді. «Бастау» бағдарламасы қолданысқа енген сәуір айынан бері екі жүзге тарта адамды бизнестің қыр-сырына үйретіпті. Оқу курсын аяқтаған топ енді бизнес-жоспарларын қорғауға дайындық үстінде.

Анна Плотникова, бизнес-жаттықтырушы:

– Бізде 25 адам несие алып, керек-жарақтарын сатып алды. 10 адам құжаттарын қаржы алу үшін тапсырды. Шамамен 45 адамның бизнес жобасы биыл қаржыландырылады деп отырмыз. Олардың бәрі кәсіпкерлік негіздері курсынан өткендер.

Бизнеске алғашқы қадам басқандар үшін мұндай сабақтардың берері мол. Ауыл тұрғындары кәсіпті неден және қалай бастау керегін үйренеді. Қаржылық сауаттылықтарын арттырады. Гүлнәр Өнерхан әзірге ұлттық нақыштағы бұйымдарды үйінде отырып тігеді. Енді кәсіпті өндірістік жолға қоюға мүмкіндік туып отыр.

Анна Плотникова, бизнес-жаттықтырушы:

Гүлнәр Өнерхан Моңғолиядан бір жыл бұрын көшіп келді. Ол күдеріден қол сөмкелер тігеді. Мен оның өнерін жоғары бағалаймын. Шебердің белсенділігіне тәнтімін.

Бизнес-жаттықтырушының таңғалатындай жөні бар. Ата жұртқа қоныс аударған аз уақытта Гүлнәр ЕХРО көрмесіне қатысып, бұйымдарын шетелдік туристерге сатып үлгеріпті. Павлодар облысының қолөнер шеберлерінің құрамымен барған Гүлнәрдың бұйымдары он күнге жетпей сатылып кеткен.

Гүлнәр Өнерхан, қолөнер шебері:

– ЕХРО-дан осы күдері сөмкелерге көп тапсырыс әкелдік. Ондағы 50 тақия, 50 әмиян, 50 сөмкені жеткізгенімізге бір апта болды. Алдағы уақытта теріден жасаймыз ба деген ойымыз бар.

Енді қолөнер шебері мемлекеттік грантқа үміт артып отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, «Бастау» бағдарламасы арқылы Шарбақты ауданында 160 адам курстан өткен. Облыс бойынша олардың саны екі мыңға жуықтайды. Бизнес жоспарларын сәтті қорғап шыққандар қаржылай қолдауға ие болады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы