417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да жаңа ипподром ашылды

  • 949
  • UPD: 12:08, 10.10.2017

Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында шаруа қожалықтарының бірі «Туған жер» бағдарламасы бойынша жаңа ипподром салып, халық игілігіне берді.

Мұнда ауыл балалары ұлттық спорт түрлерімен айналысып, денсаулықтарын нығайта алады. Күзгі жиын терімнің қорытындысына арналған жиында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ән шырқап, би биледі. Мерекелік шаралар қыз қуу, тай, құнан жарыстары мен аламан бәйгеге ұласты.

Жаңа Шүлбі ауылында той өтіп жатыр. Жұрт жаздай төккен тердің нәтижесін қорытындылап, мереке өткізуді бірнеше жылдан бері дәстүрге айналдырған. Оған мұрындық болып отырған осындағы іргелі шаруашылықтың жетекшісі – Александр Подкорытов. Жер емген шаруа еңбектің қадірін жақсы түсінеді. Туған ауылына жаңа ипподром салып беріп, халықтың алғысына бөленді.

Александр Подкорытов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Біз ең алдымен халықтың бірлігін ту етуге ұмтыламыз. Қандай шара болса да, қарапайым шаруадан бастап шаруашылық жетекшілеріне дейін бір атаның баласындай ұйымшылдық танытамыз. Өйткені Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның баға жетпес байлығы – береке мен бірлік.

Жаңашүлбілік диқандар биыл орташа есеппен гектарынан 15-18 центнер астық жинаған. Бұл өткен жаздағы қуаңшылықты ескерсек, жаман көрсеткіш емес. Ал нан болса, ән де болады.

Оралғазы Байжанов, Бородулиха аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Орыс ұлты мен неміс ұлты қазақша ән айтып жатыр. Бұл деген біздің келешекке деген талпынысымыз. Осыны Президент бізге саралап қойып берді. Тәуба, біздің салтанатты да сәнді қаламыз бар, кең байтақ шалқар даламыз бен бейбітсүйгіш халқымыз бар.

Григорий Акулов, Бородулиха ауданының әкімі:

Аудан халқы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын аса жоғары ыждаһатпен қабылдады. Кәсіпорындар мен мекемелер, шаруа қожалықтары «Туған жер» бағдарламасына үлес қосу үшін жобалар ұсынып жатыр. Мұның бәрі халықты одан әрі тұтастыра түседі.

Соңғы жылдары атқа мініп, тай жарыстыруға ауыл балаларының ынтасы жоғарылап келеді. Тіпті қазақтың қыз қуу, асық ойнау, аударыспақ сияқты ұлттық ойындарына қызығушы өзге ұлт өкілдері көп екені қуантады. Енді жаңа ипподромда көсіліп шауып, ат құлағында ойнауға да мүмкіндік туып отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы