423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Парижде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының тұсаукесері өтіп жатыр

  • 1786
  • UPD: 21:46, 18.10.2017

Жоғары деңгейдегі халықаралық шарада Қазақстанның мәдени жетістіктері, тарихы мен салт-дәстүрі таныстырылды.

БҰҰ құрамындағы ЮНЕСКО бейбіт елдер арасындағы серіктестікті білім, ғылым және мәдениет арқылы кеңейте түспек.

Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастық орнатқанына биыл 25 жыл. Дәл осы себепті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Президент бағдарламасының таныстырылымы осы ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде өтті. Қоғамды рухани жаңғыртудың басты мақсаты Қазақстанның тұрақты дамуына бағытталған. Ал Елбасының ұсыныстары жаһандық үрдіске сай келіп, бүкіл әлемдік қауымдастыққа өзекті болды. Бұл туралы тұсаукесер барысында Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Балаева мәлімдеді.

Аида Балаева, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:

– Бағдарламаны жаһандық деңгейде таныстыру өте маңызды. Сол себепті ЮНЕСКО алаңы таңдалды. Дәл осы ұйымның мақсаты мен міндеттері қазақстандық жаңғыртудың үлгісімен үйлесіп тұр. Бүгін осы бағдарламаны таныстыра отырып, оның жүзеге асуына септігін тигізетін сындарлы диалог пен жақсы ұсыныстар күтеміз. Сондай-ақ Қазақстанның жаңғырту үлгісі халықаралық қауымдастыққа пайдалы болады деген сенімдеміз.

Ирина Бокова, ЮНЕСКО бас директоры:

– Қазақстан Президентінің көзқарасы болашаққа бағытталып отыр. Біз тарихи мұра, археология, салт-дәстүрді сақтап жүрміз. Бұл өте маңызды іс. Менің ойымша өз елін қадірлеу үшін жас ұрпақ тарихын білуі қажет. Сол себепті мен бұл жобаға, бұл бастамаға үлкен құрметпен қараймын.

«Қазақстанның қасиетті географиясынан» бөлек делегациямыз «Туған жер», «100 жаңа кітап», «100 жаңа есім» жобалары және мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі жайлы айтты. ЮНЕСКО-ның бас кеңсесінде тарихи деректер мен қылқалам шеберлерінің туындылары да қойылды. Олардың арасында өткен ғасырда латын жазбасымен басылған оқулықтар мен әліппелер де бар.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР мәдениет министрі:

– ЮНЕСКО-да мемлекеттік бағдарламаны бірінші мемлекет Қазақстан ұйымдастырып отыр. Бұл бағдарламаның орны ерекше. Көрме болсын, басқа концерттік бағдарлама болсын, халықаралық дәрежедегі симпозиум болады. Оның барлығының берері көп. Халықаралық дәрежедегі көптеген ғылыми қызметкерлер атсалысып жатыр. Америка, Франция, Ресейден келіп жатқан ғалымдар да бар.

Президенттік бағдарлама тұсаукесерінің алғашқы күні ЮНЕСКО-ның концерт залында Қазақстанның танымал әртістерінің өнер көрсетуімен аяқталды. Париждік көрермендер назарына «Ұлы дала сазы» деп аталатын мерекелік гала концерт ұсынылды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы