419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысының Қобда ауданынан 2 тарихи ескерткіш «Қасиетті Қазақстан» картасына енгізілді

  • 2894
  • UPD: 09:25, 31.10.2017

«Қасиетті Қазақстан» картасына Ақтөбе облысының Қобда ауданынан 2 тарихи ескерткіш енгізілді.

Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Абат Байтақ пен Қобыланды батыр кесенелерінің айналасы абаттандырылып, кіреберіс жол салынды. Одан бөлек Қобыланды батыр кешенінің жанынан қонақүй құрылысы басталды. Туристерге арналған нысанды «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жеке кәсіпкер салып бермек.

Ақтөбеден 230 шақырым қашықта орналасқан Қобыланды батыр кесенесін көруге келгендер енді қонақүйге түсіп, тыныға алады. 15 орындық нысанды салуға Оңтүстік Қазақстанда тұратын батырдың ұрпағы 35 млн теңге бөлген. Кәсіпкер осылайша «Туған жерге тағзым» акциясына өз үлесін қосыпты. Кесененің өзіне биыл күрделі жөндеу жасалып, жан-жағы абаттандырылды. Жалпы ауданда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  Мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын іске асыру бойынша біраз жұмыс атқарылып жатыр.

Мейрамбек Шермағанбет, Қобда ауданының әкімі:

- Қобда ауданында биылғы жылы демеушілік жекеменшік-әріптестік бойынша жұмыстар жасалды. Атап айтар болсақ, 201 млн теңгенің көлемінде жекеменшік-әріптестікке байланысты 3 медициналық пункт салынуда. 40 млн теңгеге жаңадан пайдалануға берілген 320 орындық гимназияның алдына жол салынды. Бұдан да басқа ауданды абаттандыруға, ескерткіштер тұрғызуға, скверлер жасауға, кесене жанынан қонақүй салуға 225  млн-ның жұмысы жасалып, пайдалануға берілді. Мұндай жұмыстар алда да жалғасын табатын болады.

Туған жердің қамын ойлаған азаматтар балаларға да біраз сый жасапты. Мысалы Жарық ауылдық округінде спорт алаңы ашылды. Осы ауылда дүниеге келген кәсіпкер 10 млн теңге ақша бөліп, заманға лайық нысан тұрғызған. 40 адамдық трибунасы бар алаңда түрлі спорттық шаралар өткізуге болады.

Сағынай Құсайынов, ауыл тұрғыны:

- Бізді қолдап, балаларға ойын алаңын ашып беріп жатыр.Осындай жастарымыз арамыздан шығып, қаладағылармен байланыс орнатып жатыр. Олар алдағы уақытта да қолдан келгенше жердем береміз деп жатыр. Бәріміз де қолдан келгенше елге қолғабыс жасап жатырмыз. Биылғы жыл тым жақсы. Картоп шығып, сатып жатыр, мал ұстап жатыр. Үлкен рақмет. Осындай басшылар мен қожалықтар арасындағы байланыс үзілген жоқ, жақсы жұмыс жасап жатыр.  Келешекте де біздің жақта көптеген жұмыстар жүргізілетініне сенімдіміз.

Ал Талдысай ауылдық округіндегі мектеп жанынан жылыжай салынды. 1 млн теңгеге жуық қаржыны жергілікті бюджет бөлген. Алайда жылыжайға қияр егіп, күтіп-баптау жұмыстарын мектеп оқушылары өз міндеттеріне алған. Олар болашақта жылыжайды кеңейтіп, өнім түрін көбейтуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы