388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісу төрі Талдықорғанда «Туған жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр

  • 622
  • UPD: 14:15, 09.11.2017
Жетісу төрі Талдықорғанда «Туған жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр

Қалталы кәсіпкерлер жаңа нысандардың құрылысын қолға алып, саябақтарды жөндеп, мектеп, балабақшалар салып берсе, енді бірі бие байлап, қымыз өндіруде.

Иппотерапия арқылы сал ауруына шалдыққан балаларды тегін емдеп, келешек ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін де сүбелі үлес қосып келеді.

Талдықорған қаласының іргесіндегі «Ерасыл» этноауылының ашылғанына үш жыл болды. Мұнда саумал мен қымыз қысы-жазы үзілмейді. Ұлттық сусынның емдік қасиетін жетік біліп, жете түсінетіндер бұл жерге күнде келеді. Тіпті шетелдік саяхатшылар да жаз мезгілінде этноауыл басында тігілген киіз үйде 10 шақты күн бойы түнеп жатып, саумал ішетін болған. Сондықтан кәсіпкер алдағы жылы қонақүй салу ісін қолға алмақшы.

Ләззәт Бекішева, «Ерасыл» шаруа қожалығының басшысы:

– Қазақтың тағамы мен сусыны қаншама ауруға ем. Біздің жылқыларымыздың бәрі тексеруден өткен. Саумалдың сертификаты да бар.

Айман Серікбаева, аспаз:

– Саумалдың да, қымыздың да өтімі жақсы. Ас пен тойларға үлкен көлемде тапсырыс береді. Біз соларды дайындаймыз. Көбінесе бізге онкологиялық ауруларға шалдыққандар келіп, саумалды ем ретінде ішіп жатыр.

«Жылқыны ер қанатына балап, осынау ұлан-ғайыр даланы тұлпарының тұяғымен қорғаған қазақтың қара домалақтарының көбі бүгінде атқа міне алмайтын болған. Тіпті жылқының мінер жағы мен екі тізгін, бір шылбырды, қамшыны қалай ұстау керектігін білмейді. Сондықтан әр бейсенбі сайын ашық есік күнін өткізе бастадық», – дейді кәсіпкер. Ал иппотерапия – сал ауруына шалдыққан балалар үшін мың да бір ем.

Еркін Ержігітов, атбегі:

– Аурушаң балаларды атқа мінгізіп, емдейміз. Әр бейсенбі күні тегін. Атқа мінуге қызыққан адамдар келіп тұрады. Оларды да үйретеміз.

Еркін баптаған аттардың алды бүгінде бәйгеден келе бастады. Бие байтал күнінде 22 рет жүлде алған. Бүгінде құлындары аламанның алдын берер емес. Сондай-ақ көкпар командасын жасақтап, жастардың ұлттық ат спортына деген қызығушылығын оятуда. «Мақсатымыз қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық тағамын, сусындарын дәріптеп, ат спортын барынша дамыту. Ол үшін бәйге, көкпар беріп, түрлі шараларға да қаржылық қолдау көрсетіп тұрамыз»,дейді кәсіпкер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы