476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Маңғыстау облысынан 47 өтініш түскен

  • 2676
  • UPD: 14:27, 09.11.2017
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Маңғыстау облысынан 47 өтініш түскен

Олардың арасында дәулескер күйші де, азулы ақын да, шебер суретші де мен күміс көмей әншілер де бар.

Соның бірі танымал хореограф, «Жорға» би ұжымының жетекшісі Серік Сариев. Ұмытылып бара жатқан ұлттық билерді сахнаға алып шыққан тұлғаны ақтаулықтар да «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» ішінен көргісі келеді.

«Жорғаның» әрбір сахналық қойылымынан ұлтымыздың өткен тарихы, тұрмыс-тіршілігі тайға таңба басқандай анық көрініп тұрады. Бұл жолы да қазақ жігітінің қыранға тән өр мінезі мен қанына біткен жауынгерлік, саятшылық, қымыз толы торсық көтерген бойжеткеннің мақпал жүрісі мен маң далада еркін өмір кешкен қазақ ауылының тіршілігін көз алдына әкеледі.

Арман Нұрмахаматұлы, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының режиссер-хореографы:

– Жеке биші болады, бірақ сол биді өз тәнімен шәкіртіне ырғағымен үйретер кәсіби маман болу өте қиын. Серіктің қойылым жасағанда тек қана биді ғана емес, өзінің ішкі дүниесіндегі құбылыстарды, көзқарасын бишілері арқылы сахнаға жеткізеді деп ойлаймын. Қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша түпнұсқасымен Серіктің ғана емес, Серік Сариев мектебінің барлық бағдарламалары сәйкес келеді.

Серік Мұхамбеткәрімұлының ұлт санасынан өшіп бара жатқан билерді алғаш билеген тұлғаларды дамылсыз іздеп, тауып, олардан тәлім алатын қасиеті ізін басқан жастарға үлгі. Хореографтың Ақтауда өткен есептік концертінде осының бәрі көрініс тапқан.

Серік Сариев, режиссер-хореограф:

– Біздің бұрынғы алтын қор, қазіргі тілмен айтқанда қазақ биінің мұрасына көп мән бердік. Өйткені мұғалімдер өзінің тарихыңды, мәдениетіңді нақты түрде дәріптей беріп, тек өз заманыңда емес, келесі ұрпаққа беру арқылы ғұмырды өзгертеміз. Қазіргі ХХІ ғасырдың жастары бұрынғы 60-90 жылдардағы билерді билеуі кейбір кездері ыңғайсыздық тудырып жатады. Соның барлығын жеңе отыра, қазіргі концертіміздің ерекшілігі – қазақ мәдениетінің аңызға айналған тұлғалары Маңғыстауға келіп, ұжымға үйретуі.

Серік Сариевтің «Жорға» би мектебі халықаралық би байқауларында топ жарып, қазақ биін насихаттап келеді. Ал Маңғыстаулықтар өнердің ең асыл, ең нәзік түрін меңгерген жерлестерін Қазақстанның 100 жаңа есімінің ішінен көргісі келеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы