389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында екі шағын аудан мен жеке тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр

  • 1282
  • UPD: 11:55, 24.11.2017

Жамбыл облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 жаңа шағын аудан мен мыңға жуық жеке тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Биыл мемлекеттік жоба бойынша көпқабатты 4 үй тұрғызылды. Таяуда бұл баспаналар кезекте тұрған жұртқа сатып алу құқығынсыз берілмек. Бұдан бөлек 15-ші ықшам ауданда тағы көпқабатты 10 үйдің құрылысы басталды. Қазір іргетасы қаланып, жол төселіп жатыр.

Ғалымжан Әбдірайымов, облыс әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі күнге 1,8 млрд ақша бөлінді. 37 жоба дайындап отырмыз. 37 жобаның бүгінгі күнге 27-сі сараптамадан өтті. Оның ішінде бүгінде 13 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. 

Тараз қаласында «Нұрлы жер» жобасына жалпы 462 гектар жер бөлінген. Оның 362 гектарында 15-ші жаңа мөлтек аудан бой көтереді. Қазір бұл аумақта 10 көпқабатты үй мен 922 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталып жатыр. Ал 14-ші мөлтек аудан Талас өзенінің бойынан салынбақ. Ол жерге 2018 жылы 49 тұрғын үй салу жоспарланған.

Бейсен Айымбетов, учаске басшысы:

- 150 үй соғамыз. Қазір бізде дайындалу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерге коммуникациясы, газ, су, канализация, барлығы жүргізілген. Енді іргетасын қазып, сол жұмыстарды бастаймыз.

Бұл жұмыстарға тек жергілікті құрылыс компаниялары тартылып отыр. Үй салу кезінде пайдаланылған материалдың 90 пайызы – отандық өнім.

Марат Рахымбердиев, құрылыс компаниясының директоры:

- Тұрғын үй салу ісі құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың жұмысын жандандыра түседі. Құрылысқа қажетті керек-жараққа сұраныс артады. Соның есебінен зауыт, комбинаттардың жұмысы да жүреді. Ал бұл қаншама жұмыс орны. Мәселен, біз құрылыста тек 10 пайыз материалды шетелден аламыз. Қалғаны өзімізде шығады. «Нұрлы жер» бағдарламасы жалпы халыққа өте тиімді әрі ыңғайлы жоба.

Мемлекеттік жоба тұрғын үй нарығына да айтарлықтай оң әсер етіп отыр. Жаңа пәтерлердің шаршы метрі 120 мың теңге көлемінде саудаланады.

«Бұл баспана бағасын тұрақты ұстап тұруға септігін тигізіп отыр», – дейді мамандар. Дегенмен қиындықтар да жоқ емес.

Ғалымжан Әбдірайымов, облыс әкімінің орынбасары:

- Әр адам алатын пәтерге бірінші 30 пайызын құю керек. Сол 30 пайыз қиын болып тұр. Біз оны 15, 20 пайызға түсіру туралы ұсыныстар енгізіп жатырмыз. Ол бүгінгі күнге шешілген жоқ. Егер ол шешіліп кеткен жағдайда мына пәтерлерді біз бір күнде сатып үлгерер едік.

Биыл «Арай» мөлтек ауданындағы 10 көпқабатты үй 800 отбасына пайдалануға берілді. Тағы алты үй Тұрғын үй жинақ банкі арқылы сатылады. Бүгінгі күнге тұрғындар 480 пәтердің 158-інің әр шаршы метрін 116 мың теңгеден алып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы