379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында мүгедектерді жұмыспен қамтуға айтарлықтай көңіл бөлініп отыр

  • 944
  • UPD: 09:52, 10.12.2017

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында мемлекеттік бағдарламамен оқып, жаңадан кәсіп бастағандар да жетерлік.

Райымгүл Рахалиева – үшінші топтағы мүгедек. Жүрегі сыр беріп, екі рет операция жасатты. Әйтсе де жастайынан тігіншілікке бейім, қолы ісмер жан құр қарап отырғысы келмеді. Арнайы бағдарламамен үш ай оқып, білімін жетілдірді. Қазір жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, шағын бөлмесін шеберхана айналдырған.

Райымгүл Рахалиева, кәсіпкер:

– Қалада болсын, ауылда болсын, қыз-келіншектерге айтарым, тігіншілік, аспаздықты оқып алу керек. Үкімет тегін оқытып жатқанда, оқып, оны әрі қарай жалғастырсақ, елімізде ешқандай жоқшылық та, тапшылық та болмайды деп ойлаймын.

Андрей Зелевский –жанарынан нұр тайған зағип. Әйтсе де бұл кәсіппен айналысуына кедергі келтірген жоқ. Биыл ол «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы оқып, грант ұтып алды. Қолына тиген қаражатқа пластикалық бөтелкені турап, шикізатқа айналдыратын жабдық орнатты. Қазір өзі сияқты көру қабілеті төмендеген жанды жұмысқа қабылдады.  Мұнда ұсақталған бөтелке қалдықтарын қайта өңдеу үшін Ресейге жібереді. 

Андрей Зелевский, кәсіпкер:

– Текке шашылып жатқан қоқысты өңдеп, оны қайтадан кәдеге жарату – ғажап нәрсе. Адамның көңіліне қуаныш сыйлайтын кәсіп. Әрі бұл қоршаған ортаға да пайдалы. Қоқыс босқа шашылып жатпайды.

Жалпы облыс бойынша 402 мүгедекті жұмысқа орналастыру жоспарланса, бұл меже артығымен орындалды. Он ай ішінде 594 жан екі қолға бір күрек тапты. Кемтар жандар арасында Андрей тәрізді өзінің жеке бизнесін бастауға ынталылар көбейіп келеді.

Қанат Бақтығұлова, облыстық әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы:

– Биыл 39 мүмкіндігі шектеулі азамат іскерлікке баулу курстарынан өтіп, кәсіпкерліктің негіздерін меңгерді. Оның ішінде шағын несие алып, бизнеспен айналысып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Денсаулығынан айрылып, тағдыр тауқыметін тартқан жандар қоғам назарынан тыс қалмайды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы да оларды еңбекке тартуға үлкен септігін тигізіп отыр. Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында мүгедектерді жұмыспен қамту мақсатында 27 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы