379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысының Доссор кентінде жаңа саябақ ашылды

  • 1215
  • UPD: 08:25, 15.12.2017

Доссор кентінде жаңа саябақ ашылды.

Атырау облысының Мақат ауданында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде дүниеге келген жаңа нысан енді халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Құрылыс жұмыстарына кеткен барлық шығынды осы ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтар көтерді.

Жаңа саябақ бір ғасырдан астам тарихы бар, қазақ елінінің ең алғашқы мұнайын берген Доссор кентінің көрнекті жеріне салынған. Бүкіл құрылыс пен аумақты абаттандыру жұмыстарына қажетті қаражатты осы ауылдан шыққан мұнайшы азаматтар көтерді.

Рашид Отаров, мұнайшы:

- Туған жерге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ықылас-ниет жөнінде қолға алынған іс-шара. Соған демеушілік жасап, соғыстан оралмаған батырлардың монументальдық ескерткішін жаңадан қайта қалпына келтіріп, халықтың игілігіне тапсырып жатқан ниетіміз бар. Бұл парктің этикалық-эстетикалық тұрғыда халыққа пайдасы зор.

Жарты жылға жуық жүргізілген саябақтың құрылыс жұмыстары қазақ елінің ең қастерлі мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқталып, қолданысқа берілді. Жалпы құрылыс сомасы 72 млн теңгеге есептелген саябақта соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш, концерт сахнасы және балаларға арналған ойын алаңы бар.   

Дінғали Дәулетбаев, Мақат аудандық ардагерлер алқасының төрағасы:

- Ендігі жерде осындай қалталы азаматтар өзінің туған жеріне деген игі жұмыстарды ары қарай жалғастырса деп ойлаймыз.

Бекен Әлирахым, тілші:

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл облыс көлемінде жүзден астам жаңа жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар қазір тағы 60 қосымша жоба мамандардың сараптауынан өтіп жатыр. Өйткені халыққа ең қажетті, халық игілігін көреді деген тың жобалар ғана жүзеге асырылмақ. Атап айтқан жөн, осы дүниеге келген жаңа нысандардың басым бөлігіне жеке кәсіпкерлер және ұжымдар мен кәсіпорындар демеушілік жасаған.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы