389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазыбек бидің 350 жылдығына орай «Қазақфильм» деректі фильм түсірді

  • 1435
Қазыбек бидің 350 жылдығына орай «Қазақфильм» деректі фильм түсірді

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында қазақтың ұлы биі, қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтті.

Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл деректі туынды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түсірілген.

Фильмнің сценарий авторлары әрі режиссерлері – драматург, режиссер Ғазиз Насыров пен кинодраматург, өнертанушы Ерлан Төлеутай. Авторлар бұған дейін шығармашылық бірлестікте «Мәди Бәпиұлы» және «Тәттімбет Қазанғапұлы» атты деректі фильмдерді түсірген.

- Əуелі Қарағанды облысын көктей өтіп, сонан соң Павлодар облысына шықтық. Бұл өлкелерде Қазыбек би бабамыздың табанының ізі қалған. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында да түсірілімдер жүргіздік. Сонан соң Астана асып, Қаз дауысты Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеген ғалымдармен сұхбаттастық. Ұлы биден қалған жалғыз жәдігер алтын зерлі шапанды таспаладық. Қайта айналып, Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық тойына қатыстық, деді сценарий авторы әрі фильмнің тең режиссері Ерлан Төлеутай.

Фильмде Қытай мен Ресейдің мұрағатынан Қазыбек биге қатысты деректер мен ел аузындағы аңыздар қолданылған. Тарихи құжаттармен қатар, қойылымдық сахналар енгізілген бұл фильмге еліміздің театр және кино актерлері түскен. Қазыбек бидің рөліне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер, Керей хан рөлімен қалың көрерменге танылған Қайрат Кемалов шақырылған. Сонымен қатар фильмде Алдабек Шалбаев, Саят Мерекенов, Іңкәр Әбдіраш, Зарина Кәрмен және Абылай ханның ұрпағы Абылай Қашқынбаев та бой көрсеткен.

Ал фильмнің басты кейіпкерлерінің бірі – Қазыбек бидің ұрпағы, белгілі қоғам қайраткері, антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, суретші Кəріпбек Күйіков.

- Қаз дауысты Қазыбек би 1764 жылы ақпан айында қайтыс болғанда қыс қаһарлы, қар қалың болғандықтан, жер аяғы кеңігенше деп баласы Бекболат пен Едіге билер ұлы бидің мəйітін сөреге сақтауға ұйғарған. Осы қыс айында болған оқиғаны суреттеу үшін Алатаудың бір асқар биігі 3 800 метрлік «Молодежный» аталатын биік шыңына шығып, алты қанат үй тіктік. Өйткені мезгіл тамыздың соңы, Алатауға қар түсіп үлгермегендіктен осылай жаннан безіп, мəңгі мұздықтарға көтерілуге мәжбүр болдық. Алатаудың құлама жартасты, түпсіз шыңырауларынан асып өткеніміздің өзі бір ғажайып хикая, – деді Ерлан Төлеутай.

Ақпарат көзі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы