419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді

  • 3541
  • UPD: 20:41, 06.01.2016

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген атаумен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы жарық көрді.

Еліміздің еңсесін тіктеуге бағытталған еңбекте дер кезінде қабылданған реформалардың пайдасы мен бағыт-бағдары айқындалған.

Бүгін жарыққа шыққан еңбекте 5 институционалды реформаны жүзеге асыру тетіктері бүге-шүгесіне дейін талданып түсіндірілген. Осыған орай ілкімді істер атқарылып, құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң да күшіне енді. Мұндағы меже – дағдарыстан шығу. Алміндетті мінсіз атқарсақ, дамудың даңғыл жолында Қазақстан сенімді және дәулетті болады дейді Елбасы. Енді Ұлы дала елін жетістіктерге жетелейтін бастамаларға ойыссақ.

Бірінші бағыт мемлекетті кәсібилендіруге арналады. Яғни «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру көзделген. Бұдан былай қызметкердің мансабы оның біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Ал мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс. Яғни мемлекеттік қызметтегі жұмыс тек кешенді іріктеу мен ең төменгі лауазымдардан басталады. Алатын еңбекақысы да атқаратын жұмысының көлемі мен нәтижесіне байланысты болмақ.

Бейнеқорқұқық қорғау жүйесінің жүйелілігі де ерекше назарда. Сот саласына арналған екінші бағытта биліктің бұл түріне деген сенімді арттыру маңызды. Осы орайда қара қылды қақ жаратын, әділдікті айтатын сапалы да білікті судьялар корпусы жасақталмақ. Демек енді төрелікті ең лайықты және кәсіби шеберлігі шыңдалған судьялар ғана жүргізулері шарт. Жаңашылдықтың тағы бір маңызды қыры – соттың бес сатыдан үш буынды жүйеге өтуі. Тек бірінші апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады.

Қағазбастылықты жою, құжаттарды электронды жүйеге көшіріп, салықтық және кедендік кедергілерді азайту. Бұл мақсат кәсіпкерлердің қолын ұзартып, экономикамыздың бір тармағы шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қоспақ. Табыс пен мүлік те кезең-кезеңімен жария етілмек. 2020 жылдан бастап барлық бұл науқанға жеке тұлғалардың барлығы қатысады. Алмүлікті заңдастыру мерзімі биылғы жылдың соңына дейін ұзартылды.

Сонымен қатар көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылатын болады. Елімізде «Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз» құру жобасы басталды. Ол жүктердің Азиядан Еуропаға кедергісіз транзитін қамтамасыз етеді, жүк жеткізу құнын 2 есе төмендетіп, транзиттік тасымалды 2020 жылы қазіргі 18 млн-нан 33 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Мырзагелді Кемел, экономика ғылымдарының докторы:

- Мұхитқа шығатын жол болмағандықтан, оған ешқандай амал жоқ. Бірақ оның орнын толтыратын Каспий теңізі бар. Ол жерде порттар ашылып жатыр. Біз кеме жасап, Еуропаға тасымалдай бастадық. Транзиттік әлеуетімізді арттыру арқылы көптеген жетістікке жетуге зор мүмкіндіктеріміз бар. Елбасының жан-жақтың бәріне жақсы жол саламыз дегені орындалуға жақын.

Реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол. Қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталған төртінші реформаның мәні осында. Ұлт пен ұлысты ұйыстырып, тұрақтылықты ту етуде Қазақстан халқы Ассамблеясының шоқтиығы биік. Оның діттегені – этносаралық бейбітшілік пен мызғымас келісімді орнату. Екіншіден, біз Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясына ие болдық. «Ел» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді. Мәңгілік ел идеясында болашаққа деген жалпыхалықтық сенім айқын көрініс тапқан.

Айгүл Сәдуақасова, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары:

- Әрине, бұл жалпы қарқынды модернизациялаудың елдің барлық салаларына қатысы бар. Ал ең негізгісі – біздің реформаның жүзеге асуы. Біріншіден, бұл бірлік пен тұрақтылыққа байланысты.

Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет қалыптастыру. Бесінші реформаның түйіні осында. Жаңашылдық аясында құрылатын құрылымдар қажетсіз әкімшілік кедергілерді және сұрау салынатын құжаттар тізімін қысқартады. Екіншіден, мемлекеттік басқаруда нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағдар ұстанады. Үшіншіден, сапалы жоспарлауды жүзеге асыру үшін мемлекеттік статистиканың анықтығын қамтамасыз ету қажет. Елбасы мақаласын қорытындылай келе, жаңғыртудың тек қуатты мемлекет пен Ұлттың топтасқан жағдайында ғана табысты болатынын қаперге салған. Қоғамдық және саяси өмірдегі тәртіп пен келісім бізді жетістікке жетелуі тиіс. Ендеше осы міндеттерді орындай отырып, қазақстандықтарға ортақ арманның орындалуына және еліміздің өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз.

Авторы: Елдар Бақпаев

Хабар 24 телеарнасы