Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл
Биыл қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл.
Мерейтойға орай ақынның туған жері Жетісу облысында ілиястанушылардың басын қосқан ғылыми конференция ұйымдастырылды. Алаш қайраткерінің жырларымен сусындаған жас өрендер үшін «Ілияс оқулары» өткізілді.
Айғаным Жарқынбаева байқауда Ілияс Жансүгіровтің «Бақытты Жамал» әңгімесін сахналады. Текелі қаласынан келген жас өрен бір өзі 3 образды сомдады.
Айғаным Жарқынбаева, байқауға қатысушы:
- Қыз, ұл, автор бар. Мен соны бейнелеп шықтым. Бұл әңгімеде сол кездегі әйелдердің қандай мықты, патриот болғаны, Қазақстан үшін терін төккені, колхоз үшін жасаған ерліктері туралы баяндалады.
Республикалық сайысқа 100-ден аса оқушы қатысты. Олар ақын жырларын жатқа айту, әңгімелерді сахналау, шығарманың көркемдік құрылысын талдау сынды 5 бағыт бойынша сынға түсті.
Алдияс Айдар, байқауға қатысушы:
- Қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тербеткен ақындардың бірі. Яғни, оның сол замандағы ащы шындықты көрсеткен сатиралары өте көп.
Әміре Әрін, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
- Ілекеңнен үлгі алған ақындар көп. Әрине, қазақ халқы әдебиетке бейім, сұлу сөздің өрнегін салған халықтан келешекте Ілекең секілді мықты ақындардың, Ілекеңнің шынайы ізбасарларының шығатындығы – ақиқат.
Мерейтой аясында «Ілияс Жансүгіров мұрасы» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ілиястанушылар ақын шығармашылығына талдау жасап, «Құлагер» поэмасын ұлт азаттығын арқау еткен туынды деп бағалады. Алаш қайраткерінің мол мұрасын әлі де жан-жақты зерттеу қажеттігін атап өтті.
Анар Фазылжан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:
- Жетісу суреттерінде Жетісу өңірінің өсімдік жамылғысын түгел суреттеп берген. Қазіргі кезде ботаниктер өсімдік атауларының төл нұсқаларын іздеп жүр. Міне, осындайда Ілиястың өлеңдері көмектеседі. Зоологтарға оның жан-жануарлар, құрт-құмырсқа атауларына дейін жазып кеткен өлеңдері қандай қызықты. Этнографтар Ілиясты ашық энциклопедия деп қарауына болады. Өйткені салт-дәстүрдің бәрі Ілиястың өлеңдерінде тұнып тұр.
Ілияс Жансүгіровтің кіндік әкесі – Молықбай Байсақұлы. Қорқыт күйлерінің жеткізушісі болған абыздың көне қобызымен алқалы жиында күй тартылды.
Жетісу облысында ақынның 130 жылдық мерейтойына орай 100-ден аса мәдени шара ұйымдастырылады. Сол арқылы Алаш қайраткерінің есімін ұлықтап, рухани мұрасын насихаттау көзделген.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.