24KZ түсірілім тобы болашағынан зор үміт күттіретін жас балеринамен тілдесіп қайтты

Оқу жылын аяқтап, қорытынды емтихан тапсырып жатқандар қатарында Қазақ ұлттық хореография академиясының да шәкірттері бар, деп хабарлайды 24kz.

600-ден астам оқушысы бар білім ордасы би өнерінің мықтыларын тәрбиелеп шығарады. Сондай таланттардың бірі – 12 жастағы Назерке Өміртай. Болашағынан үміт күттіретін балеринамен тілшіміз тілдесіп қайтты.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Орталық Азияда баламасы жоқ Қазақ ұлттық хореография академиясы 2016 жылдан бері талай өнерпаздың бағын жағып келеді. 5 жасынан балетке қызыққан Назерке Өміртай да солардың ізімен келе жатыр. Әлем мойындаған сұңғыла өнердің жолында жүрген бала балеринаның бойынан нәзіктікпен қатар ересектерге тән байсалдылықты да байқадық. «Бидегі әр қимыл көрерменнің көңілінен шығуы керек», дейді ол.

Назерке Өміртай, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушысы:

- Сахнада билегенде қимылды, қозғалысты және биді эмоциямен көрсетеміз көрермендерге. Мысалы, жылау керек кездерде сен жылау керексің, эмоцияңды солай көрсетесің. Көзіңнен жас шықпайды. Бірақ сен оны қимылмен көрсетесің. Мысалы осылай жылайсың, немесе өкінесің.

Әр эмоцияны терең түсініп, байыппен көрсетуге тырысқан Назеркенің еңбегін ұстаздары да жоғары бағалап отыр. Аптасына алты рет 1,5 сағаттан дәріс алатын шәкіртінің болашағынан зор үміт күтеді.

Гүлнәр Әлиева, Ұлттық хореография академиясының концерттік істер мен сахналық тәжірибе бөлімінің жетекшісі:

- Балет бойынша кәсіби білім деңгейінің үшінші жылында-ақ Назерке көптеген жетістікке жетті. «Шелкунчик» пьесасында басты рөлді сомдады. Вайноненнің үш адамдық биін де жақсы орындап шықты. Біздің академиядағы балалар балетінің барлық қойылымында Назеркенің орны бар. Қаршадай кезінін бастап барлық қойылымда өнер көрсетіп, басты рөлдерді сомдау екінің бірі еңсеретін дүние емес. Мұндай жоғары сұранысқа ие болу балалар арасында сирек кездеседі.

Балет сабақтарының алғашқы жылдары қиын болғанын Назерке жасырмады. Алайда арманына адалдығы мен қажырлы еңбегі барлық сынақтардан өтуге сеп болған. Келешекте «Астана Опера» сахнасына ең күрделі рөлдерді орындап шықсам дейді.

Назерке Өміртай, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушысы:

- Иә, мен болашақта Дон Кихоттағы Китри деген рөлді билегім келеді. Менің ойымша, бұл рөл әр балеринаның арманы. Өйткені осы рөл өте қызықты және өте қиын. Бірақ мен тырысамын және әр күн сайын жаттығамын. Ол менің арманым.

Асқақ арманына жету жолында Назерке өнерін шыңдай түспек. Ол балеттегі техникалық және кәсіби білім деңгейін тәмамдаған соң осы академия қабырғасында бакалавриатқа түсе алады. Көп деңгейлі білім ордасынан түлеп ұшып, Нұрсұлу Тапалова, Шұғыла Әдепхан сынды атақты балериналардың жолын қууға да мүмкіндік бар.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Мерей Талап