Алматыда кәсіби музыкалық білім беру мәселесі талқыланды

Елде дирижер, аспапшылар мен арт-менеджерлерді оқытып, даярлау ісіне шетелдік мамандар атсалысады, деп хабарлайды 24kz.

Дарынды жастарымыз Вена музыка және театр университетінде және Мәскеу мемлекеттік консерваториясында білім алып, шеберлік шыңдай алады. Бұл жөнінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған халықаралық  конференцияда айтылды. Оған елдің мәдениет және қоғам қайраткерлері, Австрия, Беларусь, Қытай, Ресей мен Өзбекстанның шығармашылық жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Басқосуда кәсіби және дәстүрлі музыкалық білім беруді дамыту, сазгерлер мен музыкатанушыларды даярлау мәселесі сөз болды. Сонымен қатар метамодерн контекстіндегі музыкалық өнер мен оқыту әдістемелері талқыланды.

Бибігүл Нүсіпжанова, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры:

- Біздің үлкен тілегіміз ұжымына толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз. Өйткені бұл аты аңызға айналған, жарқын тарихы бар осындай керемет оқу орны. Мен үшін өте ыстық. Біздің ел үшін қаншама кәсіби кадрлар дайындап жатыр. Біздің, әрине, алтын ұямыз.

Ульрих Моргенштерн, Вена музыка және театр университетінің  профессоры:

- Музыкатануда әр аспаптың шығу тарихы этнологиямен тығыз байланысты. Өзіме қазақ музыкасы, әсіресе, домбыраның күмбірлеген үні ұнайды.  Бұл бай мұра заман ағымымен  дәстүрін сақтап жалғасып келеді. Әлемдік этномузыкологияда  қазақ музыкасының өзіндік орны бар.