«Хабар» арнасынан «Бахар» телехикаясы көрерменге жол тартады

Алдағы бейсенбіден бастап «Хабар» арнасында «Бахар» атты жаңа телехикая көрерменге жол тартады, деп хабарлайды 24kz.

Онда тағдырдың түрлі сынағына қарсы тұрған әйелдің өмір жолы баяндалады. Жүрекке жол табатын шытырман оқиғалар мен күтпеген оқиға желісі көрермендерге ой салады. 6 ақпаннан бастап сағат 20.00-де «Хабар» арнасы қосулы болсын.

Бахар – екі баласын тәрбиелеп, тек үй шаруасымен айналысады. Ол көп жыл бұрын медициналық университетті бітірген. Бірақ қатты сырқаттанып, төсек тартып қалған қайын атасын күту үшін дәрігерлік мансабынан бас тартады. Содан отбасына қарайлап қалған.

Демет Эвгар, Бахарды сомдаған актриса:

- Бұл сериал мен үшін өте маңызды. Себебі Бахардың өмір жолы көптеген нәзік жанның тағдырына ұқсас. Әр адамның өз жолы бар. Дегенмен, біз онда түрлі тағдырды кездестіріп, ықпал етеміз. Бахар да өз өмірімен шектеліп қана қоймай, басқаларға қолдан келгенше көмектеседі. Шынайы өмірде де осындай жандар көп қой.

Бір күні Бахар есінен таңып, құлап түседі. Оған жедел бауыр трансплантациясын жасау керектігі анықталады. Ал донорлыққа күйеуі Тимур ғана жарамды болып шығады. Ауыр жағдайға тап болған Бахар қиындықты өз күшімен жеңіп шығуға бел буып, медицинаға қайта оралады.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Драмалық телехикаяның кейіпкерлерін сомдауға Түркия мен әлемге танымал актерлер таңдап алынды. Сериалдың бір бөлімі шамамен бес күнде дайындалады. Түсірілім алаңдары Ыстамбұлдың бірнеше жерінде орналасқан. Солардың бірі аурухана. Бұл көрерменге оқиғаны анағұрлым шынайы көрсету үшін жасалып отыр.

Неслихан Ешилюрт, режиссер:

- Кей сахналарды біз арнайы безендіріп әзірледік. Ал емдеумен байланысты жерлерді ауруханада түсірдік. Бірақ оның бөлмелері мен операциялық залдарға кірмедік. Соның ішінде арнайы жасаған алаңдарда түсірдік. Бұдан көрермен ауруханалардағы дәрігерлердің жұмысын, науқастардың жағдайын сезіне алады. Ұжымымыз Түркиядағы ең кәсіби мамандардан құралған.

«Бахар» – өткен жылы эфирге шыққан жаңа сериал. Дегенмен, қазірдің өзінде әлем бойынша көп қаралым жинап, халықтың ықыласына бөленген фильм. Мазмұны да терең комедия аралас драмалық кинокартина.

Бұғра Гүлсой, Евренді сомдаған актер:

- Мен Бахарды өмірде түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп, небір қилы кезеңді бастан өткерсе де мойымай күресе білген әйелдердің бейнесі ретінде қабылдаймын. Мұндай оқиға әрбір адамға, әсіресе, нәзік жандарға өте жақын. Мен сериалдағы Еврен деген дәрігерді сомдаймын. Себебі оның образы маған өте жақын. Фильм Қазақстанда да көпшіліктің көңілінен шығатынына сенімдімін.

Деврим Карачобаноғлұ, Уғурды сомдаған актер:

- Бахар өте қызықты сериал. Ондағы әр кейіпкердің өзіндік ерекшелігі бар. Бахар шынайы өмірден алынған күрескер әйел. Ол күнделікті кедергілерге қарамастан бәріне үлгеріп, алға ұмтылады. Оның оқиғасы көрерменге өмір қаншалықты қиын болса да, үміт пен қуанышқа толы сәттер де кездесетінін көрсетеді.

Өмірдің қиын сәттерінде мейірімділік пен адалдықты сақтап қалатын кейіпкерлер ерекше әсер қалдырады. Ал «Хабар» арнасының көрермені бұл сериалды 6 ақпан күні көре алады.