Павлодарда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада көрме өтіп жатыр
Павлодардағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада көрме өтіп жатыр.
Сирек кітаптар қорында 1941-1945 жылдар аралығында жарық көрген көркем әдебиеттер мен ғылыми басылымдар сақталған. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының орыс тіліндегі нұсқасы 1943 жылы Мәскеуде басылып шықса, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ батыры» повесі 1945 жылы Алматыда шықты. Оқырман назарына майдан жылдарындағы көркем әдебиеттен бөлек инженерлік-техникалық анықтамалар мен сөздіктер, оқу-әдістемелік құралдар ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері беттері сарғыш тартып, мұқабалары әбден тозған кітаптар сол замандағы адамдардың әдебиетке жақын болғанын білдіреді дейді. Баспаханалар соғыс кезінде де жұмысын тоқтатпаған. Ғасырдан астам тарихы бар облыстық кітапхананың Жеңіс күніне арналған «Сексен жылға сексен кітап» көрмесі мамыр айына дейін жалғасады.
Шолпан Шахметова, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының директоры:
- Әрине былай қарасақ қарапайым кітаптар, көзге көрінбейтін, білінбейтін, бірақ қарасақ әбден оқылған кітаптар. Тура беттері де кірленген, майысқан. Ол енді уақыттан емес әрине адамдар пайдаланғаннан кейін солай болып тұр. Көп оқылған, оның ішінде жаңағы сала бойынша, көркем әдебиет бойынша кітаптар бар.