Қызылорда облысында «Руханият орталығы» ашылды

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында әлеуметтік осал топтарға арналған 111 пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды 24KZ. Ал Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде «Руханият орталығы» өз есігін айқара ашты.
Аумағы 2500 шаршы метрден асатын бұл жаңа ғимаратта аудандық архив, музей, кітапхана, неке қию залы, сондай-ақ ардагерлер мен жастар орталығы орналасқан. Бұған дейін бұл мекемелер ескі әрі тар ғимараттарда қызмет көрсетіп келген. Мамандардың айтуынша, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қоймасының шағын болуы құнды жәдігерлерді сақтау ісінде қиындықтар туғызған. Жаңа орталықтың ашылуы бұл мәселені шешіп, мәдени және тарихи құндылықтарды тиісті талаптарға сай қорғауға мүмкіндік береді.
Димаш Байдушев, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары:
- Музейдің қоры ғимараттары ескілеу болатын еді. Қазіргі таңда осы жерде түптеліп, сақталуға да үлкен мүмкіндік бар. Сондықтан жақсы қолдау тауып жатыр. Сондықтан біз қуаныштымыз. Әрі қарай да үлкен шаралар өтеді. Біздің осы орталығымызда конференц-залымыз бар. Алдағы уақытта үлкен шаралардың барлығы осы жерде өтеді деп үміттенеміз.