Түркістанға дүниежүзілік қолөнершілер қаласы мәртебесі берілуі мүмкін

Әлемнің түрлі елдеріндегі қолөнершілерді біріктіруші – «World Craft Council» халықаралық ұйымының сарапшылары киелі шаһарда бас қосты, деп хабарлайды 24kz.

Олар 3 күн бойы Түркстан қаласы маңындағы тарихи-мәдени орындарды аралап, өңір қолөнершілері жасаған бұйымдармен танысты.

Оқушылар сарайында жеткіншектердің қолынан шыққан дүниелерге зер салды. Үндістан, Түркия және Шығыс Азия елдерінен келген қолөнершілер енді көргендерін ұйымға мүше басқа елдердегі әріптестеріне көрсетіп, Түркістанның мүмкіндіктері жайында баяндайды. Комиссия оң шешім қабылдаса алдағы сәуір айында Түркістан халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болады. Шаһар аталған ұйымға мүше болуға былтыр өтінім берген. Бұған дейін Орта Азиядан бұл ұйымға Өзбекстаннан үш, Қырғызстаннан бір, Қазақстаннан Тараз қаласы мүше болып қабылданған. Мамандар: «Түркістан шеберлері жасаған керамикалық бұйымдар әсемдігімен, нақышты өрнектерімен және сапасымен ерекшеленеді», - дейді. Егер киелі шаһар тізімге енсе, өңірдегі туризмнің дамуына жаңа серпін беретінін айтады.

Сохан Кумар Джа, Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша сарапшысы:

- Бұл тізімге енудің өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Алдымен қаланың терең тарихы болуы керек. Екіншіден, ондағы тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан аумақтарға инфрақұрылымдық жүйелер тартылуы тиіс. Ең маңыздысы, жергілікті биліктің қолауы қажет. Одан кейін ұлттық және халықаралық деңгейде танымал дәстүрлі қолөнері болуы тиіс. Түркістанда керамика жақсы дамыған екен. Біз осы бағытта тізімге қосуға тырысамыз.

Мұхтар Ақжігітұлы, қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

- Бұл Түркістан қаласы қолөнерінің халықаралық аренада ары қарай қарыштап дамуына үлкен мүмкіндік береді. Ерекше мәртебе де, заң аясында да қолөнершілерге өздерінің ғимаратын жалдау, құрал-жабдықтарын алу, шикізатын алуға субсидиялау жұмысын жүргізетін боламыз. Осы жұмыстардың барлығы Түркістан қаласының қолөнерін дамытуға бағытталған.