«Алтын қордағы» құнды дүниелер 100-ден астам әлемдік платформаға жүктеледі

Бүгін Астана қаласында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай да сөз алды.

Ол мемлекеттік тілді дамыту бағытында екі бірдей маңызды жобаның іске асып жатқанын айтты. Бұл шараларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау барын атап өтті.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан" РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:

-Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің бастамасымен «Алтын қордағы» дүниелер негізінде «Асыл мұра» атауымен үлкенаудиоальбом жарыққа шығарып жатырмыз. Жинаққа барлығы 1 500  күй, жыр-терме, халық және халық композиторларының әндері, ертегі, бесік жыры, ретро әндер кіргізілді. Оның басым бөлігі бұрын шыққан топтамаларға енбеген, тек қорда тұрған эксклюзивті құнды дүниелер.

Сондай-ақ съезд делегаттары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 2023-2024 жылдары атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы кезеңнің басым бағыттарын белгіледі. Ғылым және жоғары білім министрі жасанды интеллекті саласында бірқатар бағдарламаның іске қосылатынын жеткізді.

Мереке Құлкенов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:

-Біздің қазір қазақ тілі қоғамы үлкен ұйымға айналған екен. өсіп кеткен екен, жағдайы жақсарып келе жатыр екен. осы қоғамның мүшелерінің өзінде көзінде от бар екен. мен соған қатты қуанамын.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

-Керемет жасанды интеллект саласында курстар бар. оны Тіл қазына институты көмегімен толлықанды қазақ тіліне аударып, қазір бүкіл студенттерімізге бердік. Айсана деген үлкен ЖИ саласындағы бағдарламаны биыл бастаймыз.