Атырау облысында энеолит дәуіріне тиесілі құнды жәдіргерлер табылды

Атырау облысында бұрын-соңды кездеспеген тарихи жәдігерлер табылды, деп хабарлайды 24kz.

Қызылқоға ауданының маңынан қазылған Шошақшағыл – біздің заманымызға дейінгі V-IV мыңжылдыққа жататын археологиялық ескерткіш. Энеолит дәуіріне тиесілі тұрақтан 8 қабір қазылып, тас және мыс білезіктер, моншақтар, тастан жасалған құралдар табылды.

«Ал Индер ауданының Елтай ауылының тұсынан табылған темір сауытты жауынгердің мүрдесі IX-XI ғасырларға жататын Оғыз-хазар мәдениетіне тиесілі», - дейді археологтар. Қазба жұмыстары кезінде сауытпен бірге Қытай жібегінің қалдығы және қару-жарақ пен сауыт-сайман табылды.

Ғаламат Базарбаев, археолог:

- Қазіргі таңда облыс көлемінде 3 осындай темір сауытты жауынгер анықталып отыр. Бұлардың барлықтары да шартты түрде, яғни, салыстырмалы түрде зерттеу жұмыстары барысында IX-XI ғасырға тиесілі. Бұл дегеніміз, Оғыз-хазар мәдениетінің Батыс Қазақстан облысында үлкен рөл атқарғандығын көруімізге болады.