Алматыда жас сазгер Рахат-Би Әбдісағиннің дәрісі өтті
Қазақ-британ техникалық университетінде дарынды жас сазгер Рахат-Би Әбдісағиннің «Квантты механика және авангард музыка» атты дәрісі өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен квантты механиканың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Дәріс барысында композитор әрі ғалым өзінің әлемдегі жетекші баспалардың бірі Springer Nature (Спрингер Нэйчер) тарапынан жарық көрген кітабын таныстырды. Айта кетейік, бұл баспа кезінде Альберт Эйнштейн, Макс Планк, Нильс Бор және басқа да көрнекті ғалымдардың еңбектерін жариялаған. Лекция барысында Рахат-Би Әбдісағин квантты механиканың негізгі қағидалары мен заманауи музыкалық өнер арасындағы өзара байланысты жан-жақты талқылады.
Дидар Батыршев, Қазақстан-британ техникалық университетінің проректоры:
- Менің ойымша, дәріс тыңдаушыларға ұнады. Квантты химия, квантты механика және оның қағидалары туралы әртүрлі түсіндіру әдістері қолданылды. Мысалы, квантты шатасу құбылысы сияқты ұғымдар бар. Дәріс барысында осының барлығы айтылды.