Абай облысында 180 бүлдіршіннің тұсауы кесілді

Абай облысының әкімдігі

Абай облысында Ұлыстың ұлы күнінде 180 бүлдіршіннің тұсауы кесілді, деп хабарлайды 24KZ. Ұлттық құндылықтар дәріптеліп, мерекелік бағдарлама ұсынылды. Аймақ бойынша 300-ге жуық киіз үй тігіліп, көрмелер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылды. Сонымен қатар өңір жұртшылығы биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығыны кең көлемде атап өтуді жоспарлап қойған.

Биылғы әз-Наурыздың басты оқиғасы тұсаукесер рәсімі болды. Облыс бойынша бір мезетте 180 бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Бұл рәсімді аймақ басшысы Берік Уәли атқарды.

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Биыл ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы. Президентіміз айтқандай, осы атаулы датаны лайықты деңгейде атап өтуіміз керек. Құрметті жерлестер, Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа құт-береке, амандық, ырыс, несібе тілеймін.

2025 жыл атаулы даталарға толы. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай жүз домбырашы композитордың шығармаларын орындап, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.

Сауалнама:

- Көңіл күй тамаша, көктемдей. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

- Бүкіл халыққа денсаулық тілеймін, бақ тілеймін, дәулет тілеймін!

- Наурыз мерекесі өте керемет деп айтамын. Өзімізге де ұнайды. Осылай тойлап жүре берейік.

Облыс орталығында 50 қазақ үй тігілді. Әрқайсысы ерекше безендірілді. Ұлттық ойындардан түрлі жарыстар өтіп, әннен шашу шашылды.

Тәттімбет Кәпұлы, бүркітші:

- «Мен қазақпын ас беріп, ат шаптырған. Бие байлап, төскейде қой бақтырған. Көк тәңірісі қыранды қолға үйретіп, жер тағысын ойнаттырған», – деп біздің бабаларымыздың бізге тастап кеткен бекзат өнері осында. Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын!

Шағангүл Жанаева, колледж директоры:

- Пейілді, ниетті керемет жарқылдаған күндегі тамаша Наурыз мейрамын тойлап жатқан халқыма алғыс, пейілімді білдіремін. Жарқын пейілменен, көңілменен айтылып жатқан батасы баршамызға жұғысты болсын!

«Ұлттық дәстүрлерді дәріптеу арқылы жас буынды тәрбиелеу маңызды», – дейді ұйымдастырушылар. Табиғаттың жаңаруы мен бірліктің белгісі саналатын мейрам Семейде осылайша сән-салтанатымен тойланды. Мерекелік шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов