27 наурыз – Халықаралық театр күні

«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер». Ғабит Мүсірепов өмір айнасы іспетті өнер ордасын осылай деп суреттепті. Бүгін – халықаралық театр күні. Бұл көрерменге рухани ләззат сыйлап, өмірдің ащы-тұщысын бір сәтте көз алдыңа алып келетін, сол арқылы тәрбиелейтін өнер. Қазір елдегі театрлардың қойылымдары аншлагпен өтіп жатқанына жұрт куә. Бұл жайында Бурабайда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы да айрықша атады.

Бұл Қазақ ұлттық драма театры актрелерінің кезекті премьераға дайындық сәттері. Қойылым «Парасат майданы» деп аталады. Адамның рухани биігіне жету жолындағы күресін бейнелейтін, өмірдің шынайы мәнін іздеуге жетелейтін туынды. Бұл ғана емес, театрдағы әрбір қойылым тақырыбы өмір айнасындай өзекті. Сондықтан болар, бүгінгі күнге дейін көрермені жоғалмай келеді.

Нұркен Өтеуіл, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Театр қазір жаңғырып жатыр қайтадан. Өткені бұл жерде жан бар, ой бар. Ойландырады сізді, күлдіреді, жылатады. Сіз өзіңізді көресіз, кейіпкеріңізді көресіз деген сияқты, бұл жанды өнер болғаннан кейін бәрібір сұраныс болады.

Елордадағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының қоржынында 44 спектакль бар. Ай сайын оның 25-30 шақтысы көрерменге жол тартса, жылына 6-7 жаңа қойылым ұсынылады. «Мұндай еңбекті бағалайтын көрермен жылдан-жылға артпаса, кеміген емес», – дейді театр директоры.

Ербол Хабылбеков, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры м.а.:

- Жалпы театрға сұраныс келушілер мен көрермендердің саны былтырғыға қарағанда 11% жоғары. Былтыр 65 мыңға жуық халық келсе, биыл 11% жоғары нәтиже көрсетті. Әлемдік классикадан бастап қазіргі біздің қазақ драматургтеріне дейін барлық қойылымдарды қамтимыз. Қазіргі таңда көрерменнің сұранысына лирикалық драмалар, музыкалық комедиялар енген.

Қазір елордалықтарға 10 театр қызмет көрсетеді. Оның жетеуі қалалық, үшеуі республикалық деңгейдегі өнер ордалары. Былтыр осы жерге келушілер саны 425 мыңнан асқан. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30%-ке артық.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Қанат Махмұд