Астанада даңқты композитор Н.Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті
«Әлқисса-Нұрғиса».
Осындай атаумен көрнекті композитор, күйші, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық концерттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Игі шара Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Бұл концерт композитордың торқалы тойына арналған мерекелік іс-шаралар бағдарламасының бастамасы.
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойлық концертіне белгілі музыканттар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары, сондай-ақ еліміздегі өнер ұжымдары қатысты. Олардың қатарында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық "Отырар сазы" оркестрі, Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық филармониясының симфониялық оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы және танымал әншілер мен өнерпаздар бар.
Дінзухра Тілендиева, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері:
- Әкемнің 100 жылдығы. Біз көптен бері дайындалып келеміз. Кішкентай кезімнен музыкада жүрмін. 1995 жылы әкемнің 70 жылдығы есімде. Опера және балет театрында өткен еді. Әкем ол кезде көзі тірі. Мен кішкентаймын. Жасым 10-да. Дүркіретіп тойын өткізген еді.
Көрерменге Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармалары ұсынылды. Кеште ұлы тұлғаның өшпес мұрасына құрмет ретінде мемлекет басшысының атынан ықылас гүлі табыс етілді.
Жұбаныш Жексенұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бүгінгі шара Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығының, осы маусымның ашылуы деп айтуға болады. Нұрғиса атамыздың әндері біздің жүрегімізде. Біздің ата-анамыздың, аталарымыздың жүрегінде. Бұл әндер қазақ тұрғанша тұратын әндер.
Дәулескер домбырашының торқалы тойы ел аумағында кең көлемде аталып өтіледі. Қазақстанның барлық өңірінде 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Атап айтсақ, көрмелер, концерттер, байқаулар мен фестивальдер өткізу жоспарланған. Қазақ музыкасының дара тұлғасының 100 жылдығы тек елімізде ғана емес, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ сияқты беделді ұйымдардың қолдауымен халықаралық деңгейде де аталып өтіледі.
БЛИЦ:
1. Нұрғиса Атабайұлының шығармашылығы қазақтың өнер қоржынында ерекше орын алатын тұлға деп айтсақ болады. «Әлқисса», «Аққу» сияқты күйлері немесе «Құстар әні» халқымыздың жүрегіне жете білген.
2. Ол кісіні бүкіл қазақ таниды. Ол композитор. Қазақстанға көп еңбек сіңірген кісі. Күйлері мен шығарған әндерін бәріміз жырлап айтып жүреміз.
3. «Отырар сазының» осындай керемет Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған концерті болатынын естігенде өте қатты қуандым. Ең ерекшесі осы 15-16 жыл бұрын «Отырар сазының» репертуарымен танысқан болатынмын оқушы кезімде. Содан кейін қайтадан бір арманым орындалғандай. Бүгін болғанына өте қуаныштымын.
Ілкімді істің негізгі іс-шарасы – Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты концерт. Сондай-ақ АҚШ-та әйгілі Карнеги-холлда, концерт пен көрме ұйымдастырылса, Бейжіңде "Құстар қайтып барады" концерті аясында композитордың әндері орындалады.
Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев