Каспий жағасында мәдени шаралар өтеді
«Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына дайындық аяқталып қалды, деп хабарлайды 24KZ. Алдағы үш күнде Каспий жағасында ауқымды мәдени шаралар өтеді.
Соған орай амфитеатр алаңына 30-ға тарта киіз үй тігіліп, зәулім этноқалашық бой көтерді. Дайындық жұмыстарына 1500-нан аса адам тартылған. 15-ші шағынаудан жағажайында ертең шетелдік және қазақ өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар, көрме-жәрмеңке ұйымдастырылады.
Жалпы бұл шараға «ТҮРІКСОЙ» ұйымына мүше елдерден шамамен жүзге жуық адам келеді деп жоспарланған. Өлке меймандарына 30 аудармашы және 150 волонтер қызмет көрсетеді.
Даржок Сейбағытұлы, қала тұрғыны:
- Халықтың еңсесін көтеретін, халықты бір-біріне жақындататын, түркі әлемі деген дүниежүзіне белгілі, түрік тілде сөйлейтін халық дейтін көп. Осы халықтардың бір-біріне жақындығы, елдің тыныштығы, елдің экономикасы, әлеуметінің жақсаруына көп әсер етеді деп мен ойлаймын. Сондықтан осы шаруаны ата қоныстан, Қазақстанның батысынан бастап жатқандарына мен рақмет айтамын. Той тойға жалғассын.
Нұртас Сали, мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы:
- Түркі тілдес мемлекеттерден, «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдерден үлкен қонақтар келеді деп жоспарланған. Оның ішінде мәдениет министрлері және халықаралық ұйымдардың басшылары, сонымен бірге қоғам қайраткерлері, лауазымды тұлғалар, сонымен қоса республика бойынша бірнеше облыстан делегациялар келе жатыр. 1149 өнерпаз жұмылдырылады.