Елордада «Құстар әні» республикалық фестивалі өтті
«Құстар әні» республикалық фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды 24KZ. Елордада өткен мерекелік іс-шара Қазақстанның халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында даңқты композитордың үздік шығармалары орындалды.
«Махамбет», «Аққу», «Әлқисса», «Әке туралы жыр», «Құстар әні», «Дариға, домбырамды берші маған». Нұрғиса Тілендиевтің жоғарыда аталған ән-күйлері – қазақ музыкасының классикасы. Астана төріндегі республикалық фестиваль сахнасында алтын қорға енген басқа да туындылары орындалып, көп көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Іс-шараға қатысқан бірқатар дирижер мен сазгерлер – даңқты композитордың көзін көрген жандар. Олар қазақтың маңдайына біткен нар тұлғаның ұлттық әуенге тың әуез қоса білгенін тамсана айтады.
Нұрлан Бекенов, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің дирижері:
- Осы фестивальге арнайы кезінде Нұрғиса Тілендиевпен бірге жұмыс істеген және де сол кісімен бірге сахнаға шыққан тамаша орындаушыларды шақырдық.
Нұрғиса Тілендиев – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің негізін қалаған академик Ахмет Жұбановтың шәкірті. Ол ғұлама ғалымның төл музыканы зерттеу жолын жалғастырып, аспаптарымызды оркестрмен үйлестіре білді.
Ерлан Дәкенов, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бас директоры:
- Көрермен тамаша сусындап жатыр деп айта аламын. Залымыз үш күннен бері лық толы. 10 өңірден үлкен ұжымдар келіп қатысып жатыр. Оның бірі Алматы қаласынан келген Нұрғиса ағамыздың өз қолымен құрған «Отырар сазы» оркестрі.
Бас шаһардағы фестиваль шеңберінде тағы көрмелер, концерттер мен дөңгелек үстелдер өтті. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай биыл жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде 100-ден астам мерекелік іс-шара ұйымдастырылады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров, Жанаман Ерғалиев