Петропавлда қазақ киносының күндері басталды

Петропавл қаласында қазақ киносының күндері басталды, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті көрермен қауымға еліміздің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін 20-ға жуық отандық өнім ұсынылады. Мәдени шараның шымылдығын режиссер Серікбол Өтепбергеновтің «Патриоттар уақыты» фильмі ашты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Ағалы-інілі Сұлтан мен Бекзат қауіпті әскери миссияға аттанады. «Патриоттар уақыты» фильмінің басты кейіпкерлері өзара араздасып қалса да, ланкестерге қарсы бірге күреседі. Оларды қайта қауыштырған да осы оқиға. Бұл көрмен қауымды бей-жай қалдырмай, ұмытылмас әсер қалдырды.

Ескендір Елеусізов, көрермен:

- Бүгін ұшқыштардың, әскери адамдардың еліне мысалға берілгендігі туралы, өзінің міндетін атқаруда патриоттық істер көрсету арқылы өте бір сондай жақсы фильм көрсетілді деп айтамыз. Басқа да фильмдерге де біз келіп көреміз деп ойлаймыз. Өте бір жақсы дүние.

Әділжан Кәрімов, көрермен:

- Фильм өте қатты ұнады. Өйткені «Патриоттар уақыты» дейді. Өйткені мына жерде ел басына күн туған кезде ешкім жай қарап қалмай, сол атсалысып, әскери өмірді көрсетіп жатыр. Рухың көтеріліп, қандай біздің әскеріміздің мықты екенін осы экраннан көруге болады.

Отандық фильмдер «Қызылжар» креатив орталығында тегін көрсетіледі. Бұл Қазақстанда бірінші болып ашылған нысан. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы солтүстікқазақстандықтардың назарына 20-ға жуық жоба ұсынады. Олардың ішінде ел тарихы мен көрнекті тұлғалардың өміріне арналған туындылар да бар.

Құрманбек Жұмағали, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы:

- Қазіргі таңда қазақ киносы қарқынды дамып келе жатыр деп айтуға болады. Біздің орталықтың өзінде үлкен толықметражды, мысалы айтсақ, Ахмет Байтұрсынов туралы былтыр киномыз шықты, Жамбыл Жабаев туралы, мінекей, бүгін сіздерге алып келіп жатырмыз. Қажымұқан атамыз туралы киномыз шығып жатыр. Бұл тарихи тұлғалар туралы, одан бөлек, мысалы, патриоттық сезімді оятатын «Операция Набат», «Беркут» деген киномыз бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда отандық киноны дамыту арқылы көрерменге сапалы кино ұсыну керектігін айтқан болатын. Бұл бағытқа Мәдениет және ақпарат министрлігі де ерекше көңіл бөледі. Қазақ киносының күндері жыл соңына дейін барлық өңірде ұйымдастырылады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков