Жетпістен асқан қария бүлдіршіндерге би үйретіп жүр

76 жастағы қария бүлдіршіндерге халық биін үйретіп, әлемжелінің жұлдызына айналды, деп хабарлайды 24KZ. Қоянды ауылының тұрғыны ғұмырының 50 жылын би өнеріне арнаған.

Ерсін Жүсіповтің негізгі мамандығы – химия-биология пәнінің мұғалімі. Алайда туабітті дарыны оны бекзада өнер – хореографияға жетеледі. Бірнеше би ансамбліне жетекшілік етіп, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарды. Қария қазір елорда іргесіндегі Қоянды ауылында өз білгенін кішкентайларға үйретіп келеді.

Бүлдіршіндерге жан-тәнімен беріліп, нұсқау беріп жатқан ақсақалдың бұл әрекетінен-ақ оның биге деген құштарлығын аңғару қиын емес. Шымылдық артында түсірілген осы бір видео әлемжеліде мыңдаған жанның жүрегін елжіретті.

Ерсін Жүсіпов, хореограф:

- 7-10 жасар балалар. Соларға биді қойдым. Содан 3-4 айдың ішінде дайындап алдық та, конкурсқа бардық. Конкурсқа барған кезде балалар сахнада тұрған кезде мені кулисада біреу түсіріп алды. Оны мен білмеймін. Содан оны интернетке салып жіберген. 4-5 күннен кейін маған бүкіл жұрт хабарласады. Сөйтіп, екі ортада табан астында осындай у-шу боп кетті. Жұлдыз боп кеттік, иә.

Қария 50 жылға жуық уақыт ішінде «Наз», «Ақбота» би ансамбльдеріне жетекшілік етіп, алуан түрлі би қойылымдарын қойып, халықаралық сайыста өнерпаздардың оза шабуына атсалысқан. Қазір Қоянды ауылында «Болашақ», «Мирас» деген кішкентай бишілерден құралған шағын ансамбльдерді басқарып, жас дарындардың талабын ұштап жүр.

Ерсін Жүсіпов, хореограф:

- Менің қатарластарымның бәрі қолына таяғын ұстап әрең жүр. Ал мен осы өмір бойы би десе бәрін ұмытамын. Ауруым да кетіп қалады, бәрі кетіп қалады.

Мөлдір Манарбекқызы, биші:

- Бір жыл қатыстым. Ағай бізге қатты ұнады. Ағай ешкімге ұрыспайды. Өте ақкөңіл, балаларды тәрбиелейді және әртүрлі жарыстарға апарады. Сосын өзіміздің балаларды қатты жақсы көреді.

Жұлдыз Мақсат, «Болашақ» өнер-білім спорт мектебінің директоры:

- Бұл кісімен жұмыс жасау бәрімізге өте ыңғайлы. Себебі ол кісі бізге тек қана би үйретпейді, тәрбиелік жағынан өзін қалай ұстау, адамгершілікке баулу, бір-біріне көмектесу – осының бәрі сол кісінің аталық мінезінен балаларға беріліп жатыр. Жас мамандар да бар. Бірақ оларда мотивация күшті де, бірақ тез сөніп қалады. Ал бұл кісіде тұрақты. Күнде бір уақытта келеді, табанды. Бұрынғы заманнан қалған алтынның бір қиығындай боп біздің мектепті ұстап жүр.

Қазір Ерсін мырза балғындарды Ташкентте өтетін би байқауына дайындап жатыр. Сәуір айының соңында «Болашақ» мектебінің бишілері жұртшылықты жүлделі орынмен қуантады деген үміттеміз.

Авторлары: Назым Қайрат, Бағдат Қайыркен