Арменияда Қазақстанның мәдени күндері басталды

Арменияда Қазақстан мәдениетінің күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл қос елдің дипломатиялық қатынасы орнағалы бері алғаш қолға алынған іс-шара. Екі мемлекеттің мәдениет күндерін ұйымдастыру туралы уағдаластық Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Арменияға сапары кезінде жасалған еді. Қазақстандық делегацияны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Салтанатты ашылу рәсімі Еревандағы «Москва» кинотеатрында өтті. Армениялық көрерменнің назарына Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмі және Фархат Шәріповтың «Стоп, ночь» кинотуындысы ұсынылды. 

«Заманауи қазақ киноөндірісі бүгінде ұлттық құндылықтарға баса мән беріп келеді», - дейді ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали. Мемлекет басшысы мәдениет туралы заңға қол қойғаннан кейін фильмдерге бөлінетін қаражаттың 30%-і тікелей «Қазақфильмге» бағытталмақ. Бұл киностудияның қаржылық тұрақтығы мен тиімді қызметін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге «Патриоттар уақыты» және «Бүркіт» кинолары көрсетіледі. Бұдан кейін қазақстандық делегация  Еревандағы Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығына барды. Мұнда еліміз жайлы мыңға тарта кітап ұсынылған. 100-ден аса студент осында қазақ тілін меңгеріп жатыр. Сондай-ақ делегация қазақ әдебиетінің бұрышы ұйымдастырылған Арменияның ұлттық кітапханасына кіріп шықты. Армениялық тарапқа тағы 100 кітап сыйға тартылды. Оның ішінде Ілияс Есенберлин, Фариза Оңғарсынова, Мәжіт Айтбаевтың шығармалары мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектері бар.

Давид Банучян, Армения киноқорының директоры:

- Қазақ өнерінің терең тарихы таңқалдырмай қоймайды. Бастысы, бүгін армениялық продюсерлер мен режисерлер қазақ әріптестерімен жүздесті. Болашақта бірлесе жұмыс істеуіміз әбден мүмкін деп ойлаймын. Бәлкім, армян-қазақ фильмдері шығып қалады. Бүгін біз үшін нағыз мереке, өзара ынтымақтастық құруға берілген тамаша мүмкіндік.

Вардуи Вазманян, Ереван тұрғыны:

- Мәдениеттеріңіз өте қызық, салт-дәстүрлеріңіз маған қатты ұнайды. Көріп шыққан фильмнен қазақ тарихы жайлы көп нәрсені біліп қалдық. Арменияның жастары мәдениетіңізбен осылай жақынырақ танысқаны біз үшін де маңызды.

Бүгін сондай-ақ Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева армениялық әріптесі Жанна Андреасянмен кездесті. Тараптар мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады.