Хабарлықтар «Ұлттық кітап» апталығын қолдады
Ұлттық кітап күні аясында «Хабар» агенттігінің ұжымы «Кітап сыйла» акциясын ұйымдастырды. Агенттік қызметкерлері көркем әдебиет, мотивациялық және балаларға арналған жүзге жуық кітаптарды жинап, ірі сауда орталықтарының бірінде қала тұрғындары мен қонақтарына сыйға тартты.
Әр адам өзіне ұнаған кітапты еш кедергісіз алып оқу мүмкіндігіне ие болды. Игі шараның мақсаты азаматтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, кітап оқу мәдениетін қолдау болып отыр.
Құралай Әбілдаева, қала тұрғыны:
- Байқаусызда келіп қалып, негізі сатыла ма деп ойлап, тегін алып тұрмын. Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» деген кітабын қарап, оның ішінде «Ақсақ киік» өлеңі көзіме оттай басылды.
«Арқаның бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ шөл, ойлы-қырлы панасы бар.
Сол жерде ел жоқ, көл жоқ өсіп-өнген,
Жәндіктің киік деген баласы бар», – деп кішкентай кезімнен осы Сәкен Сейфуллинннің шығармаларын өте жақсы оқитынмын. Соны қайта еске түсіру үшін осы кітапты алып отырмын.
Дәулетхан Жиенқұлов, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Негізгі мақсатымыз – халықтың рухани білімін жетілдіру. Халықты бір табан болса да, кітап арқылы ізгілікке, мейірімділікке жақындату. Өйткені көркем әдебиет қашан болмасын, қай заманда болмасын адамзаттың дамуына үлкен үлес қосқаны сөзсіз.