Ереванда қазақ өнерпаздарының гала-концерті өтті

Қазақстанның Армениядағы мәдениет күндерінің аясындағы іс-шаралардың түйіні еліміздің өнер майталмандарының концерті болды, деп хабарлайды 24KZ. Ол Еревандағы Арам Хачатурян атындағы концерт залында өткен. Жергілікті көрермендер қазақ таланттарының өнерін үлкен ықыласпен қарсы алып, тік тұрып қошемет көрсетті.

Гала концерт армян астанасындағы қазақ мәдениетінің күндерін тамаша аяқтады. Ресми делегацияны бастап барған Аида Балаева Ереван тұрғындарына жылы қабылдағандары үшін алғысын білдірді. Ол: «Мәдени іс-шаралардың өткізілуі екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың шынайы көрінісі», – деді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Алдағы уақытта да елдеріміздің арасында байланыс одан әрі нығайып, халықтарымыздың игілігі үшін нақтылы нәтижелерге қол жеткізеді деп үміттенемін. Өйткені өнерде, мәдениетте ешқандай шекара жоқ. Мәдениет елдерді біріктіреді, халықтар арасында өзара түсіністік пен құрметтің негізін қалайды. Ортақ құндылықтар мен шығармашылық байланыстың, достық пен бейбітшіліктің мызғымас дәнекері. Біздің бүгінгі кездесуіміз қасиетті Пасха мерекесімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өткім келеді. Бұл да достық пен бірлікке, жанашырлық пен мейірімге бастайтын ізгіліктің символы екені анық.

Концертті қазақ домбырашылары мен Арменияның эстрада-симфоникалық оркестрі «Сарыарқа» күйімен ашты. Кешке келген музыка майталмандары: «Нағыз өнер халықтарды біріктіреді», – дейді.

Барсег Туманян, Арменияның халық әртісі

- Қазақтың бүкіл әлемге түсінікті ұлттық өнер туындылары іріктеліп алынған. Сондықтан бұл гала-концерт өте сәтті өтті.

Анастасия Иванова, Ереван тұрғыны:

- Айтарға сөзім жоқ. Керемет әсер алдым. Қазақ және армян мәдениет ғажап үндескен жоғары деңгейдегі концерт болды.

Қос елдің би ансамбльдері «Достық» хореографиялық композициясын көрсетті. Сахна төрінде қазақ әндері шырқалды, француз классикасы айтылды, папурри әуеледі. Армян сазгері Арно Бабаджаняннің аты аңызға айналған «Маған музыканы қайтаршы» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сюзанна Аветисян, Ереван тұрғыны:

- Ән де, би де өте әдемі. Керемет ләззат алдым. Жаным рақаттанды. Бәрі тамаша.

Давид Минасян, Ереван тұрғыны:

- Ежелгі халық ретінде бізге сіздердің мәдениеттеріңіз өте қызық. Айызымыз қанбай қалды. Ереванға тағы да келіп, өнер көрсетсеңіздер деп тілеймін.

Элен Арапетян, Ереван тұрғыны:

- Қазақтар не деген талантты халық! Тәнттімін! Өте керемет ұнады.

Астанадан, Ереванға жасалған мәдени миссия зор табысқа ие болды. Бұл ізгі достық пен ынтымақтастықтың заңды жалғасы.

Авторлары: Ернат Рахметолла, Ботагөз Базарбаева