Елордада ұлттық креатив фестивалі басталды
Елордада ұлттық креатив фестивалінің ашылуы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Дәл осындай шара тағы бес қалада бір уақытта ұйымдастырылды. Онда отандық мәдениет, өнер және білім саласының өкілдері бас қосып, өзара тәжірибе алмасады.
Еліміздегі креативті индустрияны дамытудың басы-қасында жүрген мамандар шеберлік сағатын өткізіп, дәріс оқиды. «Осындай ашық алаңдағы талқылаулар саланын дамытып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға серпін береді», – дейді ұйымдастырушылар. Шараны өткізуге Мәдениет және ақпарат министрлігі мен креативті жастар бастамашы болды.
Айта кетейік, елде бұл бағытқа салықтық жеңілдіктер жасалғалы, креативті индустрия субъектілерінің саны 15%-ке артты. Өңірлерде 14 орталық жұмыс істейді. Ал жыл қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдік рейтингтің «креативті тауарлар мен қызметтер» санаты бойынша 93-шы орыннан 65-ші орынға көтерілсе, «ұлттық кино өндірісі» бағыты бойынша 60-шы орыннан 31-ші сатыға жоғарылады.
Дәурен Сейітқалиев, Қазақстан Креативті индустрия альянсының өкілі:
- Бүгін бізде креативті күндер өтіп жатыр. Тек қана Қазақстанда емес, басқа елдерде болып жатыр. Қазақстанның 6 қаласында 100-ге жуық әртүрлі креативті индустрияға қатысты мастер-кластар, лекциялар және галереялар өтіп жатыр. 28 бағыт бар, сол бағыттарға сәйкес келетін азаматтар мен азаматшалар өздерінің өтініштерін берді. Қазіргі таңда бізде әртүрлі бағытта жұмыс жасап жатқан азаматтар көп, бірақ бірлесу жағынан айналысамыз альянспен.
Шұғыла Сағынбекова, қатысушы:
- Өз жобам мен ағылшын тілінде стендап өткіземін. Жастарды жинап, ашық микрофон өткізіп жүрміз. Тағы басқа креаторлармен танысып, олармен бірге коллаборация, бірге жұмыс істесек, табысқа тезірек жетеміз деп есептеймін.