Қ.Тілеуханның «Медаль» спектаклі Алматыда қойылады

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры гастрольдік сапармен Алматыға келді, деп хабарлайды 24kz.

Жетісулық өнерпаздар қала тұрғындары үшін үш спектакль дайындаған. Гастрольдік сапар жазушы Қанат Тілеуханның «Медаль» саундрамасымен басталды.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Жазушы Қанат Тілеуханның «Медаль» саундрамасы өткен маусымда алғаш рет Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында сахналанды. Қойылым бүгінгі қоғамның өзекті мәселесін көтереді. Мұнда марапаттың құнсыздануы, уақытында бағаланбаған еңбектер және қоғам қайраткерлерінің өмірінен шынайы оқиғалар суреттеледі.

Қанат Тілеухан , жазушы:

- Бұл жерде біздің осы атақсүйгіштің, марапат сүйгіштік және осы марапаты бар адамдардың артынан жүретін бір қошеметшіл қоғамды айтқым келді. Оны жаздым, деп ойлаймын. Өйткені бізде қоғамда атақ деген өте көп беріледі. Осының қаншалықты қадірі бар? Мысалы атақ сіздің өміріңізге қандай әсер етеді?

Қойылымның режиссеріФархат Молдағали. Ол әңгімені оқып шыққан соң сахналауды жөн көреді. Біреу қошеметке ерте бөленсе, кейбіреулерге лайықты атақ-даңқы уақытынан кеш беріліп жатады. Спектальде Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен вальс королі Шәмші Қалдаяқов туралы да баяндалады.

Фархат Молдағали, режиссер:

- Бұл енді кішігірім әңгіме болған ғой. Бұл ешқандай театр сахнасына арнайы жазылмаған, автордың өзінің қоғамға деген ашщы сатирасы немесе... Автордың жылап отырып күлген шығармасы болғандықтан біз, кішігірім әңгіме болғандықтан, сахналық нұсқасын дайындау керек болды.

Қазір әр қоғамдық ұйым өз атынан медаль шығарады. «Медальды лайықты адамдар алса ғана құны артады», - дейді көрермендер.

Блиц:

- Бұрындары медальды кәдімгідей еңбек еткен мықты азаматтарға берген. Қазір мысалы неше түрлі медаль бар, неше түрлі адамдар ала береді. Сол жағын жақсылап, нақтылап түсіндіріп кеткен. Медальды сатуға болмайды. Кәдімгі өзіне сай адамға беру керек деп ойлаймын. Сатуға болмайтын сияқты.

Жетісулық актерлердің өнерін Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында тамашалауға болады. Бүгін, ертең Болат Ұзақовтың «Қазақ комедиясы» мен Айдана Аламанның балаларға арналған «Жалқаудың жыры» ертегісі қойылады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев