Қазақстандықтар ең үздік 100 кітапты сауалнама арқылы анықтайды
Астанадағы Қазақстан Президентінің орталығында «Astana Eurasian Book Fair-2025» VIII Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды. Ауқымды шараға өазақстандық баспалармен қатар Ресей, Түркия, Испания, Иран, Өзбекстан, Португалия және Қытай елдерінен келген 70-тен астам компания қатысып жатыр. Кітап жәрмеңкесі 4 күнге жалғасады.
Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алғаш рет атап өтіліп отырған Ұлттық кітап күнімен барша қонақтар мен оқырмандарды құттықтады. Сондай-ақ қазақстандықтарды отандық ең үздік 100 кітапты жалпыұлттық сауалнама арқылы анықтауға шақырды. Үш ай бойы әр азамат eGov Mobile порталы арқылы өздерінің 10 сүйікті кітабын ұсына алады.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жалпы елде кітап оқу мәдениетін жасақтауға, құрастыруға үлкен талпыныс бар. Енді осының инфрақұрылымын қамтамасыз етуіміз керек. Экожүйесі дейді ғой. Соның біреуі жаңағы рейтингтер. Өйткені бұл нарыққа да жақсы сигнал. Болашақта баспагерлер осыған қарап, осы кітап шын сұранысқа ие екен. Мына кітап осыдан 10 жыл бұрын шығып еді, алдағы жылы біз осыны шығарайық дейтіндей баспгерлерге жақсы құрал.