Тарихи маңызы бар ескерткіштер елеп-ескерусіз қалып отыр — А. Балаева

ЮНЕСКО тізіміне енгенімен, елдегі бірқатар тарихи маңызы бар ескерткіштер елеп-ескерусіз қалып отыр. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.

Оның сөзінше, өңірлерде орналасқан мәдени мұра ескерткіштерін таңбалау жүйесін енгізу қажет. Бүгінде Қазақстанда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген 10 тарихи және мәдени ескерткіші бар. Халықаралық маңызға ие құндылықтардың барлығы облыстардың аумағында орналасқан. «Ал оларды қорғап-сақтау жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігіне жүктелуі тиіс», – дейді министр. Қазір кешендердің денінде таңбалау және арнайы күзет пен буферлік аймақтар жоқ.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді Бүкіләлемдік мұра нысанының буферлік аймағында жергілікті биліктің келісілмеген құрылыс салуы тоқтар емес. Мәселен, қазір ескерткіштің буферлік аймағында тағы бір құрылыс іргетасы қаланғаны белгілі болды. Сондай-ақ Құлан, Қойлық қалашықтарының буферлік аймағында құрылыс объектілері көбейіп, айналасындағы қоқыстың тазармауы да өзекті мәселеге айналған. Сонымен қатар республикалық маңызы бар Тектұрмас, Жошы хан кесенелерінің жай-күйі де жіті назар аударуды қажет етеді.

Елде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар

Бүгінде елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени нысан бар. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар 265 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан аса ескерткіш тіркелді. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізімін қайта зерделеп, бұған дейінгі 45 элементтің санын 79-ға дейін арттырды. Қазір  Қазақстанның атынан адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне 14 элемент енген.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстан – шын мәнінде бірегей тарихи-мәдени жәдігерлерге бай ел. Әлемдік деңгейде мойындалған таңғажайып ескерткіштер біздің ұлттық мақтанышымыз. Біздің олардың барлығын туристерді өзіне тартадын орталықтарға айналдыруға тиіспіз. Біз шетелдік туристер тарапынан қазақстанның тарихи құндылықтары мен мәдени мұрасына қызығушылықтың артқанын көріп отырмыз. Ең бастысы біздің жастарымыздың тарапынан тарихты тануға деген ынта ықылас пен қызығушылық өсіп келеді. ЮНЕСКО тізіміне мәдени мұраның жаңа нысандарын енгізу бойынша жұмысты жалғастыру қажет деп санаймын.