Алматыда ұлттық музыкаға арналған жаңа жинақ жарық көрді
Алматыда отандық музыкалық өнердің дамуына серпін беретін ерекше басылым – «Қазақстан композиторларының шығармалары» атты жинақ жарыққа шықты, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жинаққа камералық оркестрге лайықталған отандық авторлардың таңдаулы музыкалық шығармалары енген. Жобаның құрастырушысы – «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік грантының иегері, дирижер Аршат Шәріп. Оның айтуынша, бастаманың басты мақсаты – ұлттық музыкалық репертуарды байытып, жас орындаушыларға қолжетімді ету. Шығармалар тұсаукесерінде Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың «Giovani Talenti» камералық оркестрі өнер көрсетті. Сахна төрінде екі бірдей кәсіби дирижер – жоба авторы Аршат Шәріп пен «Халықтар достығы» орденінің иегері, халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Сүлейменов өнер көрсетіп, кеш шырайын аша түсті. Музыкалық кештің шарықтау шегіне айналған тағы бір сәт – Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған танымал солистер Карина Измайлова мен Абылай Нұрлыбектің сахнаға шығуы болды. Олар ұлттық және әлемдік классиканың жауһарларын нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Аршат Шәріп, дирижер:
- Жинаққа қазақ халық әуендері кірді. Қазақстан композиторларының өңдеулері, мысалы «Дударай», Гүлжан Үзембаева жазды. Академик Төлепберген Тоғжанов, бір шығарманы «Аяулы ана» деген шығарма кірді. Одан кейін Данияр Біржапыроқов деген досым композитор, «Біржан Сара» операсынан варияциялар жазды. Керемет шығармалар кірді. Менің ойымша, осы камералық оркестрдің репертуарын және де Қазақстанның композиторларын және музыкасын насихаттау керек.