Түркістандағы Достық үйінде мерекелік іс-шаралар өтеді. LIVE
Біз жаңа ғана елдегі жалпыұлттық татулықты нығайту бағытындағы жұмыстарды сөз еттік. Енді жұмыс аясында атқарылып жатқан бастамалардың қазіргі таңда қаншалықты баянды болып жатқанын білу үшін тағы бір өңірмен тікелей қосылып, әріптестерімізден сұрасақ.
Бүкіл түркі жұртының түп тамыры, алтын бесігі саналған Түркістан өңірі байланысқа шығуға дайын. Президент Ассамблея сессиясына осы өңірдегі Достық үйін ерекше үлгі етті. Алдымен Президенттің сол сессияда көтерген Достық үйлеріне қатысты пікірін бір тыңдап алсақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз азаматтарымыз да, қажет болып жатса, шетелдік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы керек.
Жандос Жұмабек, тілші
- Біз қазір жаңа ғана өздеріңіз айтып өткен Түркістандағы Достық үйінің алдында тұрмыз. Мұнда бүгін 1 мамыр – татулық пен бірліктің мерекесіне арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 2 млн-нан астам халық тұрады. Соның 25%-і – этнос өкілдері. Яғни өңірде 50-ге жуық этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бүгінгі таңда өңірде 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық, 1 ауылдық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Сондай-ақ олардың аудан-қалаларда 4 филиалы мен 23 өкілдіктері бар. Өңірде кез келген этносқа өзінің тілі мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер кез келген көпшілік мәдени және спорттық, қайырымдылық іс-шараларға белсенді атсалысады. Мәселен, этнос өкілдері биыл жыл басынан бері 20-дан аса іс-шара өткізді.
Қайта түлеп, жаңарған Түркістан шаһарында бой көтерген Достық үйі бүгін де татулық пен бірліктің ордасына айналған. Мұнда «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Ассамблея құрылымдары мен өңірдегі этномәдени бірлестіктер орналасқан. Еңселі ғимараттың киіз үй пішініндегі орталық алаңы 23 қанаттан тұрады. Бұл бір шаңырақ астындағы берекелі, бейбіт өмірдің айшықты көрінісі. Түркістан облысында мемлекеттік тілдің елді біріктіруші ретіндегі рөлі артып келеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ел халқының тату-тәтті ғұмыр кешуі олардың бір тілде сөйлеуіне де тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік тілді үйренушілер үшін «Достық үйінде» жексенбілік мектеп ашылған. Қазіргі таңда облыстағы этнос өкілдерінің 92% мемлекеттік тілді жетік біледі.