ШҚО-ның этномәдени орталықтарында шет тілі курстары жұмыс істейді

Шығыс Қазақстан облысындағы «Достық үйлері» тек татулық пен бірлікті дәріптеумен ғана шектелмейді.

Бұл түрлі этностардың мәдениетін, тілін және дәстүрін ұлықтайтын бірегей алаң. Аймақ тұрғындары үшін этномәдени орталықтарда шет тілдерін үйренуге кең мүмкіндік қарастырылған. Мұндағы мамандар тек тұрмыстық деңгейдегі тілдік дағдыларды қалыптастырумен шектелмей, білім алушыларға халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарына түсуге қажетті лингвистикалық дайындық жүргізеді. Бұл жастар үшін де, ересектер үшін де маңызды қолдау. Мәселен, «Неміс орталығында» ұйымдастырылған тіл үйрету курстарына қазіргі таңда 250-ге жуық адам қатысып жүр. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, тіпті зейнет жасындағы азаматтар да бар.

Еліміздегі ең алғашқы «Достық үйі» осыдан 33 жыл бұрын Шығыс Қазақстанда ашылған еді. Содан бері түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып келеді. Мұндағы «Неміс орталығының» жұмысы да сол жылдан бастап үздіксіз жалғасуда. Мамандар тіл үйренуге ниеті бар жандарды оқытудан жалыққан емес. Тек бекітілген бағдарламаға ғана сүйенбейді. Ән айтып, көрініс көрсетіп, түрлі әдістерді қолданады.

Лидия Роттың отбасы бұл өңірге соғыс жылдары жер аударылған екен. Жеңістің құрдасы қартайдым деп қол қусырып отырмай, жастарды өнер-білімге баулу мақсатында еңбек етіп жүр.

Лидия Ротт, неміс этномәдени орталығының мүшесі:

- 48 жыл дәрігер болып еңбек еттім. 18 жыл бойы  сырқаты ауыр балаларды емдедім. Сондықтан балалармен жұмыс ітегенді ұнатамын. Ән-жырға өнерге жақын болса деймін.

Орталықққа үлкен құлшыныспен келушілердің арасында оқушылар көп. Айсұлу Сарманова 12-гимназияның 11-сыныбында оқиды. Осы жерден неміс тілінің негізін үйренген оның жеткен жетістігі де жоқ емес. Республикалық олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері. Тіпті ол АҚШ-тағы Нью-Йорк университетіне де оқуға түсіп қойды.

Айсұлу Сарманова, №12 мектеп-гимназия оқушысы:

- Неміс тілін үйрету курстарының пайдасы зор болды. Өйткені осындағы ұстаздар мені дұрыс әрі сауатты сөйлеуге үйретті. Өз ойымды жеңіл жеткізуді де осында үйрендім. Бұған орталықтағы адамдармен араласуым сеп болды, деп ойлаймын.

Мұндағы орталыққа адамдар тек тіл үйрену үшін ғана келмейді. Неміс ұлтының дәстүрімен, әдебиетімен танысуға да болады, дейді мамандар.

Александра Шиллинг, неміс орталығының директоры:

- Бұл жерге  неміс мәдениетіне қызыққан адамдар да көп келеді. Немесе Германияға барып жұмыс істеуге ниеттенген азаматтар да хабарласып, өздеріне керекті мәліметтерді алады. Біз барлығына да көмектесуге тырысамыз.

Неміс орталығындағы тіл үйрету курсы 14 топты қамтиды. Жасы-кәрісі бар жалпы 250 адам білім алып жүр. Тіпті белсенділер шалғайдағы ауыл тұрғындарын да ұмытпай, онлайн оқытуды қолға алған. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов